Ұлт саулығы — өзекті мәселе

Әрбір адам өз денсаулығы үшін жауапты және денсаулығының мықты болу жолдарын қарастыру керек. Ұлт денсаулығы кез-келген ел үшін ең бірінші маңызды мәселеге баланады. Себебі, ең бай ел қазба байлықтарымен, табиғатымен немесе халқының еңбекқорлығымен өлшенбейді. Ел байлығы халықтың денінің саулығымен бағаланады. Сондықтан да ауру адамы аз ел ең бай ел. Бұл бағытта тәуелсіздік жылдары қыруар жұмыстар атқарылды. Медицина мекемелері жаңартылып, техникалық базасы жасақталды. Әлемнің жетекші елдеріндегідей соңғы инновациялық құрылғылар жабдықталған ауруханалар мен емханалар болса, білікті кадрлармен толықты. Президент болашаққа бағытталған байыпты бағдарлар мен міндеттерді саралау барысында денсаулық сақтау саласына да айрықша назар аудару қажеттігін ескертеді. мақсатында Қазақстан Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы қаулысымен «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау ұлттық жобасы бекітіліп, жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты – әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтауды қамтамасыз ету, ол 2025 жылға дейін есептелген және төрт түрлі бағытта жүзеге асырылады: Бірінші бағыт – медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру. Екінші бағыт – эпидемиялық болжау мен ден қоюдың заманауи жүйесін қалыптастыру. Үшінші бағыт – отандық фармацевтика саласының дамуына ықпал ету. Төртінші бағыт – салауатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыруға және бұқаралық спортты дамытуға бағытталған іс-шаралар. Мемлекеттің басты басымдығы әрқашан адам денсаулығын сақтау болып табылады. Адам денсаулығын сақтау құқығына Қазақстан Республикасы Конституциясының 29-бабы кепілдік береді.
Денсаулық сақтау саласы экономикаға да тығыз байланысты. Ұлт саулығы экономиканың дамуы үшін маңызға ие. Денсаулығы жақсы адамдардың еңбек өнімділігі жоғары, тиісінше экономика мен қоғам дамуына үлкен үлес қосады. Дамыған экономика да ұлт саулығына үлкен үлес қосады. Теңсіздік деңгейін бақылай отырып, әлеуметтік ортаны жақсарту арқылы өмір сүру сапасын жоғарылатуға болады. Сапасы жоғары медициналық қызмет халық денсаулығын жақсартады. Денсаулық сақтау шығындары азаяды. Табысты экономика денсаулық сақтау саласына көбірек ресурстар береді. Ұлт саулығына көп факторлар әсер етеді. Қазіргі кезде әр фактор әсерінің үлесін бағалау жұмыстары жүргізілуде. Оны мынадай топтарға бөлуге болады: әлеуметтік, экономикалық және мәдени факторлар, табыс пен білім деңгейі, жұмысбастылық, әлеуметтік қолдау, мінез-құлық факторлары, өмір сүру және қоршаған орта жағдайы, тамақтану, физикалық белсенділік, таза суға қолжетімділік, ауаның ластануы, жеке тұлға факторлары – физиологиялық, генетикалық, психологиялық, өз өмірін бақылау қабілеті, медициналық қызметке қолжетімділік, профилактика және емдеу. Жоғарыда аталған жайттарды ескере отыра, ұлт саулығы мен мемлекеттің әл-ауқаты арасында орасан зор байланыс бар деп тұжырым жасауға болады.
Денсаулық – тек жеке бастың ғана емес, ұлтымыздың да ұлы игілігі. Дүниежүзінің өркениетті елдерінің барлығында дерлік халық денсаулығы, әсіресе жастардың денсаулығы басты ұлттық құндылық және мемлекеттік саясаттың басым бағдары болып табылатыны белгілі. Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты. Әрбір адам салауатты өмір салтын сақтап, өз денсаулығына сақтықпен қараса жарқын өмірге жол ашылады. Денсаулық үшін жауапкершілік, алдымен, азаматтың өзіне тікелей байланысты. Сонда ғана әр адам өз денсаулығының жауапкершілігін сезініп, табысты әрі мықты болуға ұмтылады. Жалпы, денсаулық — байлық. Ұлттың дені сау болса, мемлекет те табысты болады.

Исмагулова А.А,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті кеден қаржы және экологиялық құқық кафедрасының аға оқытушысы

Лю Пейянь,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті кеден қаржы және экологиялық құқық кафедрасының білім алушысы