Ұлттық киім шабыт сезімін сыйлайды

«Астана Операда» қазақтың ұлттық киімдері сахнаның сәніне ғана емес, театрдың тыныс-тіршілігінің бір бөлшегіне де айналды. Бірнеше жыл бұрын ұжымда жұмысқа ұлттық киіммен келу дәстүрі қалыптасқан еді. Сондықтан қазіргі кезде театрда оюлы қамзол немесе шапан киген қызметкерлерді көптеп кездестіресіз.
Наурызнама онкүндігі аясында 18 наурызда атап өтілетін Ұлттық киім күні қарсаңында «Астана Опера» опера труппасының жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Татьяна Вицинская музыканы орындау арқылы ғана емес, ұлттық киім кию мүмкіндігі арқылы да өзін қазақстандық мәдениеттің бір бөлшегі санау өзі үшін маңызды екенін атап өтті. Елордалық театр репертуарындағы қазақ қыздары мен аналарының бейнелерін, атап айтқанда А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсындағы Қарлығаштың, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы Батсайының, М.Төлебаевтың «Біржан – Сарасындағы» Аналықтың және Е.Рахмадиевтің «Алпамысындағы» Жер Ананың рөлдерін сахнада керемет жүзеге асырған жарқын вокалист ұлттық киімге деген өзінің көзқарасымен бөлісті.
– Мен ұлттық костюмдерді спектакльдерде ғана емес, сондай-ақ концерттерде де киемін. Маған көйлектердің еуропалық үлгісінің ұлттық ою-өрнек элементтерімен үйлесетіні өте қатты ұнайды. «Абай» операсынан «Тойбастар» концерттік нөмірін орындаған кезде мен міндетті түрде сахнаға ұлттық костюммен шығамын, бұл маған өнер көрсету алдында ерекше шабыт береді, – дейді жетекші солист Татьяна Вицинская. – Сондай-ақ мен күмістен жасалған ұлттық әшекей-бұйымдар таққанды жақсы көремін. Әсіресе шашбау мен қолға тағылатын бес білезікті ұнатамын. Бас киімге жалғанатын шекелік секілді әшекейлер әрдайым бейнеге айрықша әсемдік үстейді.
Сонымен қатар меццо-сопрано жұмысқа ұлттық киіммен келу дәстүрін қуана қолдайтынын, осы мүмкіндікті пайдаланып өз бейнесін ұлттық әшекей-бұйымдармен және аксессуарлармен толықтырып отыратынын атап өтті.

– Гастрольге немесе саяхатқа барарда міндетті түрде өзіммен бірге ұлттық әшекейлерімді аламын. Менің өзімнің жеке ерекше топтамам бар, оны әрдайым жаңа зергерлік бұйымдармен толықтырамын. Бұл да ұлттық мәдениетімізді насихаттаудың өзіндік бір құралы деп санаймын. Театрымыздың Италиядағы және Ресейдегі гастрольдері кезінде труппамыз «Абай» операсын таныстырғанда көрермендер спектакль аяқталғаннан кейін біздің жанымызға келіп, ұлттық костюмдерге шынайы қызығушылық танытқан еді. Әсіресе қазақ әйелінің дәстүрлі бас киімі – кимешек әрдайым шетелдіктердің зор таңданысын туғызады. Мен көрермендердің ұлттық мәдениетімізге деген қызығушылығын әрдайым жылы қабылдаймын және олардың барлық сауалына егжей-тегжейлі жауап беруге тырысамын, – деп қорытындылады Татьяна Вицинская.
«Астана Операның» костюмдер бойынша дизайнері Дариға Тайшықова шетелдік әріптестерінің қазақтың ұлттық костюмдерінің тарихи үлгілеріне деген ерекше қызығушылығын атап өтті. Ол ұлттық киімдерде сәндік-қолданбалы өнердің бай мұрасы, мәдени кодымыздың тұтас қабаты, сондай-ақ ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан қолөнер дәстүрлері бейнеленгенін әңгімеледі.

– Музей жәдігерлері, сондай-ақ оқулықтар мен зерттеу еңбектеріне қарап қазақ киімдерінің пайдакүнемдік қызметті ғана атқармағанын түсінуге болады. Ең алдымен, ол мәдениеттің көпфункциялы элементі қызметін атқарып, адамның қоғамдағы әлеуметтік орны мен мәртебесін анықтауға, этникалық немесе аймақтық шығу тегін білуге көмектесті, сондай-ақ киімнің пішіні мен пішімі, матасы, түсі, ою-өрнегі және зергерлік бұйымдар арқылы адамның жасы мен отбасылық жағдайын белгіледі. Әдет-ғұрыптық іс-шаралар кезінде қолданылатын арнайы киім үлгілері қазір де бар. Эстетикалық әрі символикалық қызметтер түстердің үйлесімі мен әшекейлі композициялардың негізіне салынған, – деп әңгімеледі Дариға Тайшықова.
– Бүгінде жас дизайнерлер Қазақстанның материалдық-мәдени мұрасынан белсенді түрде шабыт алып, оны заманауи техникамен және материалдармен үйлестіре отырып стильге келтіруде, сондай-ақ оған жаңа мағына, идеялар мен мүмкіндіктер үстеуде. Түрлі буын өкілдері арасында қазақ киімінің жекелеген атрибуттарын ерекшелік белгісі ретінде немесе заманауи бейнелерде стильдердің араласуы ретінде қолдану үрдісі байқалады. Тұтастай алғанда, дәстүрлі сарындар қоғамымызбен біте қайнасып, өз орнын тауып жатқаны мені қуантады. Бұл – қазақтың мәдени мұрасының сақталып, оған деген құрметтің артып келе жатқанының айқын дәлелі, – деп атап өтті костюмдер бойынша дизайнер.
Жоғарыда атап өткеніміздей, елордалық театрда ұлттық киімді Наурыз мерекесінде ғана емес, күн сайын кию игі дәстүрге айналды. Бұл – ұжымның халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрін насихаттауға деген талпынысының және ұлттық құндылықтарға деген құрметінің бір көрінісі.



