Ұлттық кітап күніне орай «Кітап – мәңгілік мұра» атты кітап жәрмеңкесі өтті

Жетісу облысының Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының ұйымдастыруымен «Кітап – мәңгілік мұра» атты кітап жәрмеңкесі өтті. Бұл мәдени іс-шараның басты мақсаты – әдеби оқылымдардың мәртебесін көтеру, қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыру және Жетісу өңіріндегі қаламгерлердің шығармашылығын кеңінен насихаттау.

Шара аясында ел назарын аударған маңызды сәттердің бірі – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы Отарбайдың жәрмеңкеге арнайы қатысуы болды. Ол алдымен кітапхана жанындағы зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы бөліммен танысып, бұл бағыттағы жұмыстарға жоғары баға берді. Кейіннен Мәлік Нұржанұлы «Жетісудың рухани қазынасы» атты кітап көрмесін тамашалап, өңір әдебиетінің өркендеп келе жатқанын атап өтті. Ел ертеңін парасат пен пайым арқылы көркейтуді мақсат еткен бұл бастамалар – мәдениет пен руханияттың мәңгілік маңызын айқындай түсетініне сенім білдірді.

Әдеби кештің қадірлі қонақтары қатарында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, «Алаш» әдеби сыйлығының иегерлері ақын Әміре Әрін, жазушы Нұрилә Дантайқызы Бектемірова, ақын, журналист, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қуат Қайранбаев, ақын Нүсіпбай Әбдірахым. Сонымен қатар, Жетісулық жас ақын-жазушылар да бас қосып, шығармашылық рухты орта қалыптастырды.

Шара аясында бірнеше мазмұнды әрі көркем бағыттағы бағдарламалар өтті. Дәнеш Рақышев атындағы филармония ұжымы ұсынған мерекелік концерт, поэзия сүйер қауымға ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар, көрермен мен ақын арасын жалғайтын «Поэзиялық батл» ұйымдастырылып, сахна төрінде өлең оқудың ерекше атмосферасы орнады. 

Қаламгерлер мен оқырмандар арасындағы байланысты тереңдеткен «Қолтаңба TIME» форматында авторлар өз кітаптарын оқырмандарына арнап қолтаңба жазып, рухани естелік сыйлады.

Жәрмеңкеге еліміздегі іргелі баспалар – «Атамұра», «Мазмұндама», сондай-ақ «Ziyat», «Асыл қазына» секілді кітап дүкендері, жеке кәсіпкерлер мен авторлар белсене қатысып, кітап әлеміне қызығушылықты арттырды.

Бұл әдеби шара – кітаптың тек білім мен ақпарат көзі ғана емес, ұлттың мәңгілік мұрасы, рухани байлығы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.