Ұлттық өндірісті қорғау: заңға өзгерістер енгізіледі
ҚР тамақтану секторындағы салалық бірлестіктердің отандық нарықты импорт нәтижесінде жеткізілетін азық-түлік өнімдерінің экспансиясынан қорғау туралы ұсыныстары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Ветеренария туралы» Заңдарының жаңа редакциясында есепке алынатын болады. Мұндай шешім Парламент Мәжілісінің жұмыс тобының жақында өткен отырысында қабылданды.
Бұл шешім 1,5 жыл көлемінде жүргізілген ауқымды жұмыстың оң нәтижесі болып табылады. Аталмыш уақыт аралығында салалық бірлестіктер өкілдері мемлекеттік органдармен, эксперт мамандармен, барлық мүдделі тұлғалармен бірқатар кездесулер ұйымдастырып, өз мақсаттарын талқылаған болатын. Соның нәтижесінде Парламентаризм институтының сарапшыларымен және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Агроөнеркәсіптік кешен комитетінің қолдауымен отандық азық-түлік өнімдерін өндірушілерді қорғауға және олардың өз өнімдерін саудалауы үшін қолайлы жағдаяттар туындатуға мүмкіндік беретін сауда әрекеттерін реттеу мәселелері бойынша 30-дан астам түзетулер мен ұсыныстардан тұратын блок жасақталды. Сайып келгенде, бұл Қазақстанның тұтынушы нарығындағы әр-алуан үрдістерді алдын-ала бағамдауға мүмкіндіктер береді деп күтілуде.
Түзетулердің негізгі бөлігін жақында Парламент Мәжілісінің отырысында депутат М.Абенов ұсынған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасына енгізу жоспарланып отыр.
«Бұл дүкен сөрелеріндегі отандық өнімдерді ығыстырып, тұтынушылар таңдауын түгел жаулап алатын импорт азық-түліктермен тең дәрежеде бәсекеге түсу үшін әділетті шарттамалардың жасақталуына түрткі болатын, отандық өндірушілер еңбегін қорғайтын аса маңызды қадам деп білемін. Қазақстандық кәсіпкерлер ұлттық экономиканың өркендеуі үшін маңызды саналатын осы заң жобасын депутаттар да бірауыздан қолдайды деп үміттенеді. Геосаяси ахуалды ескере отырып, бүгінгі таңда мемлекет үшін импорт өнімдерге деген мемлекет пен тұтынушылар бағыныштылығын азайту аса маңызды екендігі сөзсіз», — деді «Қазақстанның сүт одағы» ұйымының директоры Владимир Кожевников.
Тамақтану секторы өкілдерінің айтуынша, отандық өнімдерді бөлшектеп сату, әсіресе сауда жүйесінде өте төмен деңгейде, өйткені сауда кәсіпорындарына арзандатып берілетін және көп ретте бағасы қазақстандық өнім бағаларынан төмен болатын шетелдік азық-түлік өнімдерін сату әлдеқайда тиімді. Көрші елдерде азық-түлік өнеркәсібіне мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетіледі, сондықтан отандық өнімдер импорт өнімдермен салыстырғанда өндіру мезетінің өзінде артықшылықтарға ие болады. Бұған қоса, көп ретте импорт азық-түліктердің сапасы сын көтере бермейді, ал мұның өзі пайдасынын аздығымен қоса, тұтынушылардың денсаулығына да айтарлықтай зиян тигізуі мүмкін.
«Жергілікті өндірушілердің ақпаратына сәйкес, азық-түлік нарығында аталмыш мезетте импорт өнімдері көшбасшылық орындарда тұр. Мәселе азық-түлік қауіпсіздігі туралы болғандықтан, отандық өндірушілерге қолдау көрсету қажет. Біз салалық бірлестіктер ұсыныстарын жұмыс тобында қарастырып, оларды «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңына енгіздік, бұл түзетулер отандық өндірушілердің ғана емес, тұтынушылардың құқықтарын да қорғауға арналған деп есептейміз, — деді ҚР Парламент Мәжілісінің аграрлық мәселелер бойынша Комитетінің мүшесі, Мәжіліс депутаты Нуржан Ашимбетов.
Азық-түлік секторының салалық бірлестіктері мен оларға қатысушылардың қазақстандық бөлшек сауда сөрелеріндегі импорт пен отандық өнімдердің арақатынасына қатысты бағалары ресми деректерден айтарлықтай ерекшеленетінін атап өткен жөн. Жақында Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі еліміздің әртүрлі аймақтарындағы сауда желілерінде импортталатын азық-түлік тауарларының ұсынылуы туралы мәліметтермен бөлісті.
Министрлік мәліметіне сәйкес, шекаралық аймақтардағы жекелеген категориялар бойынша отандық өндірістік азық-түлік өнімдерінің үлесі 80-90%, ал кейбір өнімдер бойынша тіпті 100% құрайды. Салалық бірлестіктер өкілдері нарықтағы жағдаятты толыққанды сипаттауға қауқарсыз, дегенмен өз сегменттеріндегі жай-күйді, мәселен, құс еті, сүт өнімдері, шұжық өнімдері және сол секілді тағам түрлері бойынша шынайы көрсеткіштер ресми ақпараттармен мүлдем сәйкес келмейтіндігін алға тартады. Мұны тіпті кез-келген супермаркетке кіріп, сөрелердегі өнімдерді зерттеу арқылы да оңай түсінуге болады. Оның үстіне, дәл осы ресми деректерге сәйкес, 2023 жылы Қазақстан экспортталатын азық-түліктен екі есе көп азық-түлік импорттаған. 2024 жылдың қорытындысы әлі шыққан жоқ, бірақ жағдайды түбегейлі өзгерту үшін қандай да бір толыққанды шешімнің қабылданбағандығы айқын.
Импорт өнімдерінің мәселесі көп ұзамай-ақ бақылаудан тыс кетуі мүмкін, сондықтан салалық бірлестік жетекшілері өздерінің заңнамалық бастамаларын депутаттардың, сондай-ақ мемлекеттік ведомстволардың қолдауын тілейді және ұсынылған барлық түзетулер Мәжілісте қабылданады деп үміттенеді. Аталмыш ұсыныстар еліміздің ішкі азық-түлік нарығын күшейтіп, бағаларды құрықтауға, мемлекет бюджетінің кірісін арттыруға бағытталған. «Егер отандық азық-түлік өнімдерін өндіру, оларды сауда орындарына тарату және сату, импортты бақылау және тексеру мәселелері жақын арада шешілмесе, 3-5 жылдан соң импорт өнімдер отандық нарықты түгел жаулап, қазақстандық өнімдерге деген қолжетімділік күрт төмендейді» — дейді сала мамандары.