Ұлттық ұланда бейімделген интеллектуалды психологиялық тестілеу жүйесі енгізіледі

Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығында әскери ортада психологиялық мәселелерді анықтауға арналған заманауи технологияларды енгізу бойынша кездесу өтті. Іс-шара барысында әзірлеушілер бейімделген интеллектуалды психологиялық тестілеу жүйесін таныстырды.

Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Қайрат Үмбетовтың айтуынша, жасанды интеллектті қолдану әскери ортадағы психологиялық қиындықтарды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.
– Заманауи технологиялар психология мен менталдық саулық саласында жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Олар эмоционалдық жайсыздықтың алғашқы белгілерін дер кезінде анықтауға және олардың өршуінің алдын алуға көмектеседі. Біздің мақсатымыз – әрбір әскери қызметшіге уақытылы көмек көрсетуді қамтамасыз ететін тиімді ерте анықтау және қолдау жүйесін құру, – деді Қайрат Үмбетов.

Интеллектуалды жүйенің қалай жұмыс істейтіні туралы жобаның әзірлеушісі Ерғали Мәбиев баяндап берді.

Оның айтуынша, гибридті архитектура талдау нәтижелерінің дұрыстығын тексеріп, нақты ұсыныстар қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жүйе сынақтан өтушінің алдыңғы жауаптарына сәйкес сұрақтардың мазмұны мен күрделілік деңгейін динамикалық түрде өзгертіп отырады. Бұл әдіс дәстүрлі тестілеу тәсілдеріне қарағанда адамның психологиялық жағдайын анағұрлым дәл және тиімді бағалауға мүмкіндік береді. Өйткені артық сұрақтар қысқартылып, маңызды аспектілерге назар аударылады.

Мәліметтердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүйе әскери бөлімдердің серверлерінде локалды түрде орналастырылады.

Бас қолбасшылықтың мәліметінше, жүйені сынақтан өткізу елордалық гарнизонның әскери бөлімдерінде қызмет атқарып жатқан жас сарбаздар арасында жүргізіледі.

Айта кетейік, мұндай технологияларды енгізу – әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және әскери бөлімдерде дұрыс моральдық-психологиялық климат қалыптастырудың маңызды қадамы болмақ.

ҚР ІІМ ҰҰ Баспасөз қызметі