Ұлытауда кенді заңсыз өндіргені және кірістерді заңдастырғаны үшін кәсіпкер сотталды

Ұлытау ауданында жергілікті тұрғынға қатысты жер қойнауын рұқсатсыз пайдалану және қылмыстық табысты заңдастыру фактісі бойынша айыптау үкімі шығарылды.

Тергеу ҚМА Ұлытау облысы бойынша департаменті жүргізді.

Күдікті 2020-2023 жылдар аралығында «Шығыс Қаражал» карьерінен марганец рудасын лицензия мен жер қойнауын пайдалану келісімшарты жоқ болған күйде заңсыз өндірген.

Нәтижесінде алынған руданың көлемі 16 мың тоннадан, ал мемлекетке келген шығын 1,1 миллиард теңгеден асты.

Қылмыстық табысты заңдастыру мақсатында ол жалған келісімдер жасап, өзіне бақылаудағы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер арқылы өңделген темір-марганец рудасын елімізде және Ресей Федерациясында сатқан.

Сауданың нәтижесінде қылмыстық табыс 3,5 миллиард теңгеден асты.

Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Сондай-ақ, оның 97,8 миллион теңгеге бағаланған мүлкі, соның ішінде 5 автокөлік пен ауыл шаруашылығы қожалығы тәркіленді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Егер Сізге экономикалық құқық бұзушылық жасау фактілері белгілі болса, бұл туралы «АФМ Insider» телеграм ботына хабарлауыңызды сұраймыз.

Анонимділікке кепілдік беріледі.

ҚР ҚМА Баспасөз қызметі