ҮНДЕМЕЙ ЖҮРІП-АҚ ҮЛКЕН ІС ТЫНДЫРҒАН
Атырау облысы, Құлсары елді мекені тасқын судан көп зардап шеккен ауылдардың бірі. Ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен кезеңде, қол қусырып қалған жан баласы жоқ. Кішкентай бала, еңкейген кәріге дейін сын сағатта тізе біріктірді.
Жұдырықтай жұмылған тұрғындарға жан-жақты қолдау жасалды. Оны өзіміз күнделікті ақпараттық порталдар арқылы көрдік. Ел аумағынан ғана емес, шет елдерден де гуманитарлық көмек жеткізіліп, иыққа түскен ауыр жүкті көтерісті. Десе де алаулатып, жалаулатпай-ақ, ешкімге елеусіз еңбек ектендердің де болғанын айта кеткен жөн.
Істі үн-түнсіз атқарғандар қатарында «Alash Pride» өкілдері бастап, ҚҰ Дүнгендер Халық бірлігі, Масаншы жастары да бар. Арнайы барды. Жағдайды көзбен көрді. Жүз оттан гуманитарлық көмектерін апарып, жұртқа теңдей бөлген. Алматыдан аспаздарды, ыдыс-аяқ пен қазан-ошақты ала барған. Топан сумен күрескен Құлсарылық ағайынға дастархан жайып, ірі қара мал жығып, ас берген. Осы игі істің басы-қасында жүріп, ұйымдастырып, ұйытқы болған азамат ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты Данияр Каскарауов деген азамат. Өзі жан-жақтан сурет салып, жария қылмағанымен, Атырау аймағының, Жылой ауданының азаматтарының аманаты бойынша осы ақпаратты жаздық.