USAID жыл сайынғы Орталық Азия сауда форумын бастады
Америка Құрама Штаттарының Халықаралық даму агенттігі (USAID) бүгін 13-ші Орталық Азия сауда форумын (ОАСФ) бастады. «Сауда байланыстары: Жаһандық көпір» атты биылғы форум өңірдің байланыс, коммерция және сауда саясатын ілгерілететін флагмандық сауда іс-шараларының бірі болып табылады.
Азия, Еуропа, Таяу Шығыс, Ұлыбритания, АҚШ елдерінің 300-ден астам бизнес басшылары мен мемлекеттік қайраткерлері Орталық Азиядағы сауданы ілгерілету жолдарын үйрену үшін Қазақстанда, Алматыда кездеседі. Конференция сессияларында цифрландыру, көлік, логистика, үйлестіру, сауда ережелері, Дүниежүзілік сауда ұйымының стандарттары, сондай-ақ Орталық Азиядағы саудаға кедергілер қарастырылады.
«Біз он жылдан астам уақыт бұрын сауда ынтымақтастығын арттыру тұрақты, гүлденген және өзара байланысты Орталық Азияны құра алады деген сеніммен дүниеге келген осы форумды қолдайтынымызды мақтан тұтамыз», — деді Вашингтон қаласынан келген USAID әкімшілігінің аға орынбасары Зейнах Салахи форумда сөйлеген сөзінде.
ОАСФ келісім-шарттарға 32 млн АҚШ долларынан астам сомаға қол қоюға ықпал етті және құрылғаннан бері әлемнің 25 елінен 10 мыңнан астам мемлекеттік және бизнес көшбасшыларын қабылдады.
Басқа да негізгі баяндамашылар – Орталық Азия сауда министрліктері, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, QazTrade, «Транскаспий халықаралық көлік бағыты» қауымдастығы, Еуропа-Кавказ-Азия (TRACECA) көлік дәлізі.
ОАСФ-мен бір мезгілде өтетін шаралар:
● Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстаннан 40 компанияның қатысуымен және халықаралық сатып алушылар үшін ауыл шаруашылығы, тоқыма, киім және азық-түлік өнімдерін көрсететін сауда көрмесі. Көрме ҚР Сауда және интеграция министрлігімен және Алматы сауда-инвестиция палатасымен бірлесіп өткізіледі.
● Орталық Азиядағы сауда мүмкіндіктерін зерттейтін 40 пәкістандық іскер әйелдермен бірге өтетін әйелдерге тиесілі кәсіпорындарға арналған Пәкістан-Қазақстан сауда мүмкіндіктері форумы. Форумды USAID Пәкістан Өңірлік Экономикалық Интеграциялық Қызметі (PREIA) өткізеді.
● Кеден, көлік, фитосанитарлық сертификаттау және ветеринариялық шекаралық бақылау мәселелерін талқылау үшін Орталық Азияның бес елінің бизнес басшылары мен шенеуніктерін тартатын Ұлттық сауданы жеңілдету комитеттерінің 11-ші аймақтық отырысы. «Орталық Азиядағы сауданы жеңілдету» жобасының қолдауымен және Deutsche Gesellschaft für Internationale Zusammenarbeit (GIZ) жүзеге асыратын бұл кездесу сауда процестерін цифрландыру бойынша жол карталарын және бүкіл аймақтағы сауда рәсімдерін оңтайландыру бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеуге арналған.
USAID-тің Орталық Азиядағы сауда қызметі, Еуропа қайта құру және даму банкі, GIZ CATF-тың негізгі демеушілері болып табылады. Медиа серіктестерге «Astana Times», «Exclusive.kz», «Profit.kz», «Kapital.kz», «Orient Media Turkmenistan» компаниялары кіреді.
Қосымша ақпаратты www.catradeforum.org сайттан алуға болады.
Орталық Азия елдері соңғы екі онжылдықта айтарлықтай ілгерілеушілікке қол жеткізді және өте жақсы өсу әлеуетіне ие. Өткен 20 жыл ішінде өңірдің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) жыл сайынғы орташа есеппен нақты мәнде 6,2 пайызға кеңейіп, 347 млрд АҚШ долларына жетті. 2000 жылдан бастап сыртқы сауда 7 есе өсті. 2022 жылы Орталық Азия елдерінің біріккен импорты мен экспорты шамамен 190 млрд АҚШ долларын құрады.