Үш балет, үш тағдыр

Біртуар француз хореографы Ролан Петидің «Арлезианка», «Бозбала және Өлім», «Кармен» аңызға айналған бір актілі үш балетінің премьерасы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен 16-17 мамырда «Астана Опера» сахнасында өтеді. Балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратованың бастамасымен спектакльдер «Опералия-2025» халықаралық фестивалі аясында ұсынылады.

Барлық үш балет «Астана Операда» жұлдызды халықаралық топтың қатысуымен жүзеге асырылуда. Музыкалық бөлік қоюшы дирижер Элмар Бөрібаевқа сеніп тапсырылған. Р.Петидің хореографиясын елордалық театр сахнасына қоюшы балетмейстер Луиджи Бонино (Италия) және кордебалетпен жұмыс істейтін балет ұстазы Джиллиан Уиттингем (Ұлыбритания), жарық бойынша суретші Жан-Мишель Дезире, сценографтар Рене Аллио, Жорж Вакевич, Антони Клаве, костюмдер бойынша суретшілер Кристин Лорен, Варвара Каринская, Антони Клаве алып келді. Сондай-ақ премьералық балеттермен костюмдер тігу бойынша үйлестіруші Аурелия Лион және суретшілердің ассистенттері Дариға Тайшықова мен Гүлмира Исемғазиева жұмыс істеді.

Үш балеттің әрқайсысын махаббат тақырыбы біріктіреді. «Арлезианка» психодрама-балетінде арманшыл жасөспірім Фредериктің Францияның оңтүстігіндегі Арль қаласында тұратын жұмбақ әйелге деген қайғылы махаббат хикаясы баяндалады. Арлезианканың өзі сахнада болмайды: ол – көзге көрінбейтін, бірақ кейіпкерді есінен ауыстыратын, алды-артын орап алатын бейне. Фредериктің құштарлығының күшті болғаны сонша, тіпті шаруа қызы Виветтаның шынайы сезімдері де жасөспірімді ажалдан құтқара алмайды.

Келесі «Бозбала және Өлім» балеті – экзистенциалдық көңіл күй салтанат құрған, соғыстан кейінгі Парижде пайда болған философиялық әңгіме. Жалғыздықтан шаршаған кедей суретші өзінің сүйіктісін күтіп жүреді. Алайда оның орнына суық, мысқылшыл, қайғылы Өлім келеді. Хикаяның соңы – балет тарихындағы ең мықты финалдардың бірі. Кейіпкер асылып өледі, бірақ тіпті о дүниеде де қуғынға ұшыратқан әйелден қашып құтыла алмайды.

«Кармен» үштікті қарама-қайшылықпен түйіндейді. Бұл театрлық балет құштарлыққа толы әрі батыл. Мұнда алдыңғы екі балеттегідей әрі-сәрі күй кешу жоқ, бірақ жалын мен қызуқандылық бар. Ол орындаушылардан сенімділікті, харизманы және ішкі тартымдылықты талап етеді.

«Астана Опера» сахнасында алда болатын спектакльдерге дайындық барысында қоюшы балетмейстер Луиджи Бонино қазақстандық труппа жайлы жылы лебізін білдірді.

– «Астана Опера» әртістерімен жұмыс істеу – үлкен бақыт. Осында әркез келген сайын үйге оралғандай боламын. Алтынай Асылмұратова менің жүрегімнен ерекше орын алады, ол өнерді де, адамдарды да терең түсінетін керемет жетекші. Оны көптен бері білемін және шексіз құрметтеймін. Сондай-ақ театр әртістері де шынымен шабыттандырады. Айгерім Бекетаева, Мәдина Өнербаева, Еркін Рахматуллаев, Шұғыла Әдепхан, Анастасия Заклинская, Серік Нақыспеков, Диас Құрманғазы, Ғалымжан Нұрмұхамет пен Лимара Айдарова – олардың әрқайсысы бірегей энергетикаға ие. Осы ретте Сұлтанбек Ғұмарды ерекше атап өткім келеді. Ол екеуіміз алғаш рет жұмыс істеп отырмыз, одан қуатты ішкі сәуле мен зор әлеуетті көремін. Ал Бақтияр Адамжан – өз елінің мақтанышы. Оны италиялық әріптестеріме өзім таныстырғаныма қуаныштымын. Бүгінде әлемдік сахналарда жарқын өнер көрсетіп жүрген ол «Астана Операдан» екенін әрдайым мақтанышпен айтып жүреді. Оның арқасында театрдың аты Еуропада аталуда, бұл аса маңызды, – деп әңгімеледі дайындықтан кейін Луиджи Бонино. – Ролан Петидің «Кармен», «Бозбала және Өлім» секілді балеттері – жанды классика. Қаншама жыл өтсе де, олар қуаты мен өзектілігін жоғалтқан емес. Р.Пети үшін би де, әртістің жеке басы да, оның ішкі әлемі де маңызды болды. Мен осыны труппаға жеткізуге тырысудамын және олар мені естуде. Бұл бағалауға тұрарлық!

Джиллиан Уиттингем әріптесінің пікірін қолдап, труппаның берік негізі мен әртістік қабілетінің тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті.

– Әртістердің техникасы мықты, – деді ол. – Кез келген труппа үшін тұрақты тәжірибе жинау – өмірлік маңызды іс. Әртістер дүние жүзіне белгілі хореографтардың жұмыстарымен неғұрлым көбірек байланыс жасаса, соғұрлым дами түседі. Нақтырақ тоқтала кетсем, ерлер құрамы тамаша техникалық қабілеттерін көрсетуде. Біз балеттердің әлдеқайда күрделі аспектілерімен жұмыс істеуді бастағанда олар оны толық сенімділікпен атқарып шығады, – деді Джиллиан Уиттингем. – Әртістік қабілет пен сахналық тартымдылық тұрғысынан олар көш ілгері тұр. Қазір біз жұмыс істеп жатқан балеттер оларға үйреншікті болған классикалық репертуардан толықтай ерекшеленеді. Труппа классикалық балет дәстүрлеріне бай болғанымен, Ролан Петидің шығармашылығы өз алдына бір төбе. Ол қатаң жүйелілік пен техникалық мүлтіксіздіктің шеңберінен алыстап, көпшілік мақұлдаған қағидаларға қарсы шығады.

– Петидің хореографиясында, – деп жалғастырды ол, – әрбір биші жеке шығуы тиіс және өзін шындап көрсетуі керек. Бұл өрлеудің басқа түрі, және «Астана Опера» әртістерінің осы тапсырманы ойдағыдай атқарып келе жатқанын көру көңілге қуаныш ұялатады.

Telegram-канал: Біртуар француз хореографы Ролан Петидің «Арлезианка», «Бозбала және Өлім», «Кармен» аңызға айналған бір актілі үш балетінің премьерасы