Ұшақтағы қызмет қандай болу керек?!
Борттағы қызметтердің ауқымы әуе кемесінің түріне, ұшу қашықтығына және сатып алынған әуе билетінің құнына байланысты болатынын біреу білсе, біреу білмес.
Экипаж қызметі жолаушылар ұшаққа мінген сәттен басталады. Яғни әрбір жолаушыны күлімдеп қарсы алып, оның сатып алған билетінде көрсетілген орнын тауып беруге, қол жүгін орналастыруға көмектесу борт қызметкері міндетті.
Экипаждың негізгі міндеттері көлік қауіпсіздігін, борттағы жолаушылардың қауіпсіздігін және әуе кемесінде жолаушыларға қызмет көрсетуді қамтамасыз ету болып табылады. Бортсерік жұмысты жолаушылар отырғызбас бұрын да бастайды. Осы уақыт ішінде ұшақты дайындау қажет.
Ұшақтағы уақытта экипаж әр жолаушыға жауапты. Әуе кемесіне мінген сәттен бастап, діттеген мекендегі әуежайда түскенге дейін жолаушылар кабина экипажының бақылауында болады.
Жасы үлкен, мүмкіндігі шектеулі және кішкентай жолаушылардың да жайлы ұшуына барлық жағдайлар қарастырылады. Олардың денсаулығына кері әсер беретін жағдайлардың болмауы үшін борт серіктер ерекше қамқорлық көрсетеді. Тіпті, шақалақ сәбилерге де барлық жағдайлар қарастырылған.
Air Astana компаниясының бортта қызмет көрсету жөніндегі вице-президенті Елена Обухова:
«Біздің мақсатымыз – жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Кейде жолаушылардың арасында жаңа туған 1-2 апталық сәбилер кездеседі. Ана мен сәби денсаулығына бүкіл жол бойынша ерекше назар аударылып, олардың жайлылығы үшін арнайы қорапша ұсынылады. Оның ішінде жөргек, сүлгі, дәрі-дәрмек секілді сәбиге қажетті дүниелер бар. Ал кішкентай балалар мен жасөспірімдерге де жастарына сай арнайы жиынтық бар. Себебі, ұзақ жол бағытында балалардың көңілін аулайтын қызықты заттар бар. Жасы үлкен жолаушыларымыздың ыңғайлы ұшуына барлық жағдай қарастырылған. Біздің борт серіктер сол үшін де арнайы білім алып, барлық жағдайда көмек беруге қашан да дайын тұрады»
Әуе компанияның қызметіне, ұшу бағыты мен шарттарға сәйкес борт серіктер жолаушыларға тамақ пен сусын ұсынып, сұрауы бойынша жылы көрпе мен жастық береді. Бірақ мұнымен ғана шектелмейді. Соңғы жолаушы шыққаннан кейін де экипаждың жұмысы аяқталмайды, өйткені жолаушылардың ұмытып кеткен заттарын тексеру, сондай-ақ кабинаны кері ұшуға дайындау қажет.
Өкінішке орай, кейбір жолаушылар дөрекілік танытып, басқа да жолаушылардың да мазасын алады. Сондай-ақ, ұшу мен қону кезінде қауіпсіздік ережелердің сақтамай, рұқсатсыз орнынан тұрып немесе қоқыс тастап, отырған орнын ластап кетеді. Олардың әрекеті экипаждың қызметіне кедергі келтіреді.
Сол үшін де ұшу кезінде барлық ережелерді сақтап, экипаж қызметкері мен өзге де жолаушыларды сыйлап, әдептілік сақтаған жөн.