«ÚZDIK – 2025» І – ші театрішілік фестиваль

Бүгінгі таңда еліміздің көптеген театрлары жыл сайын театрішілік фестиваль өткізуді дәстүрге айналдырған. Атап айтқанда, М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театрының «Қарашаңырақ» (бұрын «Театр Көктемі» деп аталған), Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Алтын сақа», Қ.Қуанышбаев атындағы Ұлттық драма театрының «Қаллеки тынысы» сынды т.б. театрішілік фестивальдер өнер сүйер қауымға жақсы таныс. Мұнда – әр өнер ұжымы бір маусымда жарық көрген қойылымдарын көрсетіп, репертуарына енген тың шығармаларын және режиссура мен актерлік өнердегі ізденістерін театртанушыларға сараптатып, жетістіктері мен олқылықтары туралы ой бөліседі. Биыл осындай театрішілік тағы бір фестиваль дүниеге келді.

Халықаралық театр күніне орай Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театрында 24-27 наурыз аралығында «ÚZDIK – 2025» деп аталатын І –ші театрішілік фестиваль өткізілді. Мұнда – Ә.Рахаттың «Қыр баласы» (реж. Ш.Үмбетқалиев), М.Әуезовтың «Қорғансыздың күні» (реж. Г.Қамысбаева), Б.Сарыбай әңгімелерінің желісі бойынша «Кішкентай ауылдағы үлкен махаббат» (реж. Ж.Жұманбай) қойылымдары көрсетілді.

Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен және театр директоры Сағынтай Көпжасаров пен көркемдік жетекші Темірбек Мұхтаровтың ұйымдастыруымен алғаш рет өткізіліп отырған бұл театр фестивалінің басты мақсаты бір жылдың ішінде жарық көрген қойылымдардағы актерлердің өнерін дәріптеуге арналды.

Фестиваль шымылдығы Ә.Рахаттың «Қыр баласы» пьесасы бойынша қойылған спектакльмен ашылды. Пьеса авторы ақын Табылды Досымовтың студенттік кезінен бастап, өмірінің соңғы күніне дейінгі аралықты қамтуға тырысқан. Бірақ пьесада ақын өмірі шиыршық атқан тартыс үстінде көрінбейді. Басқа кейіпкерлердің мінездері де айқындалмаған. Тіпті драманың байланысы, шарықтау шегі мен шешімі де анық емес. Оқиғалардың басы бірікпей, әр көріністе шашырап, тұтастық сақталмаған.

Осындай бір қайнауы ішінде қалған пьесаны сахнаға шығарған Шағуан Үмбетқалиевті Т.Досымовтың күрделі тағдыры қызықтырса керек. Дегенмен режиссер үлкен ойға жетелейтіндей бейнелі шешімдерге бара алмапты. Сахналық әрекеттерді ұйымдастыруда, мизансценаларды құруда шығармашылық тапқырлығы жетпеген. Айталық, қойылым басталған кезде төсек-табытты көтеріп сахна түбінен авансценаға ақырын жылжыған көпшіліктің қимылдары өте баяу болып, қойылымның ырғақ-екпінін түсіріп жіберді. Одан кейін Табылдының Мұқағали мен Махамбетті түсінде көретін сахналары және ағайынды Гурий Назаровтармен кездесуі де көркемдік биікке көтерілмеген.

Пьеса мен қойылымда оқиғаның тұтастығы мен тартыстың болмауы актерлердің шабыттана ойнауына кедергісін жасады. Табылдының жас кезін сомдаған С.Махсотов ақын табиғатына лайық көңіл-күй таба алмаған. Әсіресе, университет бітіріп, курстастарымен қоштасатын сахнада өзгелерден дараланып көріне алмады.

Ересек Табылдыны ойнаған Мырзабек Макулов жергілікті билік өкілдерімен алысқан ақынның күрескерлік қырын ашуға талпынды. Бірақ актер көкірек көрегендігімен рольді өсіріп, түрлендіруге шеберлігі жетпеді. Оның ойынында Табылдының психологиялық ішкі арпалыстары мен тұлғалық бітімі ашылмады. Ең соңында жалғыздықтан жабырқап күңіренген шығармашылық жанның қысылып-қиналуы сынды күрделі сәтін беруде мелодрамалық сарынға түсіп кетті. Актерде іштей сезіну, тебірену, толғаныс тапшы. Режиссер орындаушыға жүйелі ой салып, ақынның өмір тұңғиығына келіп тірелген аянышты халін, драмалық тағдырын нақты суреттеуге бағыт бермеген. Содан барып, Табылды бойынан көрінуі тиіс поэтикалық сезім, көркемдік нәзіктік актер ойынында жоқ.

Қойылымдағы әлеуметтік құбылыстың толық ашылуына билік тізгінін ұстаған Маса роліндегі Бақытжан Утегалиевтің ойыны айрықша ықпал етті. Ол кейіпкерінің сыртқы қалпынан бастап, жүріс-тұрысы мен сөйлеу мақамдарын тура тапқан. Актер өз кейіпкерінің пасықтығын, моральдық ұстамсыздығын, билікті асыра пайдаланып жүрген озбырлығын пластикалық қозғалыстарымен және бет-жүзін құбылтып, дауысын өзгерту арқылы әсерлі бедерледі.

Спектакльде Бала бейнесін Райымбек Каден сомдады. Шынын айту керек, пьесада бұл кейіпкердің орны анықталмаған. Алғашқы көріністен бастап соңына дейін Табылдының қасында жүретін бала – ақынның өзі. Ол онымен сырласады, мұңын шағады. Бірақ басқа кейіпкерлер де оның басынан сипап, сөйлесіп жүреді. Драматург қаһармандар арасындағы тартысты өрбіте алмағандықтан, бала бейнесін күшпен қосқандай әсер тудырады. Өйткені, Табылды өмірінің қиын сәттерінде бала сөзге араласады. Бірақ, ол болмаса да оқиғаға ешқандай нұқсан келмейді. Бір сөзбен айтқанда Бала салмағы жоқ артық кейіпкер болып кеткен. Неге екені белгісіз сахналық әрекеті мардымсыз болғанына қарамастан режиссер бұл кейіпкерді қысқартпаған. Табылдының жан арпалыстары күшейген тұста баламен сөйлесуі көп қайталанды. Одан кейін баланың кім екенін ұғу көрермендерге түсініксіз болды. (Бала Табылдының өзі ме, әлде музасы ма?) Өйткені, режиссер тура пьесадағыдай оны барлық кейіпкерлермен араластырып қойған.

Жас актер Р.Каден өз ролін бар ынтасымен орындады. Сахнада әрекетсіз құр жүретін сәттері көп болғанына қарамастан бала жанының мөлдірлігін, тазалығын нанымды жеткізді.

Қойылым суретшісі Тимур Коесовтың, хореограф Салтанат Беймишеваның, композитор Еділжан Ғаббасовтың, жарық беруші Еламан Ахметовтың жұмыстары режиссерлік ой-тұжырымға бағындырылған. Бірақ спектакльде бірлі-жарым ұтымды шыққан көріністер қойылым сапасын жоғары деңгейге көтере алмады. Біз халқымыздың ақиық ақыны Т.Досымовтың өмірін суреттеуге арналған сахналық шығарма жасауға деген театр ұжымының талабын құптаймыз. Алайда, бұл қойылымда ақынның даралық келбеті көркемдік биікке көтерілмеді. Мұндай шығарманы репертуарға енгізген театр драматургпен жұмыс істеуді ұмытпағаны жөн.

Фестивальдің екінші күні көрсетілген М.Әуезовтың «Қорғансыздың күні» туындысы режиссер Гүлназ Қамысбаеваның өзгеше ойлана алатын қабілетін көрсетті. Ол қойылымның ой-тұжырымын бүгінгі күннің талабынан қарастырып, қауқарсыз, нәзік жандардың тағдыры туралы үлкен ойға жетелейтін көркем дүние тудырған. Режиссер кемеңгер жазушының айтулы туындысын сахнадан сөйлету барысында шығарманың бояу-реңіне нұқсан келтірмей қорғансыз әйелдердің хал-күйін пластикалық тілмен өрнектеген.

Спектакль пішіні мен мазмұны жағынан мүлде басқаша шешілген. Постдрамалық театр үлгісінде қойылған бұл спектакльде авторлық ойлар актерлердің дене қимылдары арқылы бейнеленген. Алғашқы сахнадан бастап үстілеріне ұзын ақ көйлек киген қыздар музыка ырғағымен әдемі қимылдап, Ғазиза басындағы оқиғаны кезек-кезек сөз алып, баяндай жөнеледі. Қойылымның тағы бір ерекшелігі мұнда кілең актрисалар ойнайды. Режиссер Ақан мен Қалтайды сахнаға шығармай-ақ, олардың ауылға келе жатқанын, Ғазизаның үйіне тоқтағанын қыздардың аузымен айтқызып, оған жасалған қиянатты да би арқылы көрсеткен.

Г.Қамысбаева хореограф Карина Мукатановамен және композитор Бауыржан Актаевпен бірлесіп нәтижелі жұмыс жасаған. Шығармада тәпіштеп баяндалатын оқиғалар актерлердің дене қимылдары арқылы тура жеткізілген. Хореограф актрисалардың сахнада қауырсындай жеңіл қимылдап, әрбір дене қозғалысы арқылы кейіпкерлердің ішкі көңіл күйлерін айна қатесіз бедерленуіне күшін салған.

Қойылымда өнер көрсететін актрисалар Ғазиза Бисенова (Ғазизаның әжесі), Гүлнұр Қайрлиева (Ғазизаның анасы), Шакизада Күзембай (Ғазиза), ауыл қыздары Тұрсынгүл Аманғалиева, Динара Далибаева, Диляра Альсултанова, Лашын Нүркенқызы, Зухра Муфтигалиева, Алтынгүл Еділбай әдемі актерлік ансамбль түзіп, көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Бір айта кетерлігі осы актрисалардың барлығы да күрделі хореографиялық билерді орындай жүріп, драмалық оқиғаға ауысқанда өз кейіпкерлерінің псхологиялық тебіреністерін иланымды сомдауымен ерекшеленді. Айталық, Ғазизаның әжесі роліндегі Ғ.Бисенованың кейіпкері жан дүниесі таза, өмірдің ауыртпалығын көп көргеніне қарамастан адамдарға сеніммен қарайтын үлкен жүректі ана екендігін сөз саптауынан, мейірімге толы жанарымен көрсетеді. Ақан болысқа тағдырдың басқа салған тауқыметі мен тосыннан келген қайғысын, ағайындардың алалығын күйзеле айтатын сахнасындағы ішкі зары барша қазақ аналарының үніндей естіледі.

Зорлық көрінісінен кейінгі сахнада Ғазизаны іздеп шарқ ұрған аналарының зарлы даусы, ауыл адамдарының айғайы, жазықсыз жас қыздың өкініші, ұйтқыған боран астында оның аласұрып әкесінің бейітіне жетуі қойылым атмосферасын ауырлатып, жазықсыз әйелдердің қорғансыздығын одан әрі қалыңдата түседі.

Суретші Тимур Коесов қойылымның сахналық үлгісін қарастыруда көп ізденіп, төртбұрыш қораптарды оңтайлы тапқан. Бұл спектакльдің пластикалық бейнесін берумен бірге, актерлердің әрекет жасауына оңтайлы ойластырылған. Қораптар оқиға барысына қарай әртүрлі метафоралық мәнде оқылып отырады.

Спектакльде қорғансыз нәзік жандардың билік пен байлығы көп адамдардан қорлық пен зорлық көруі жалпыадамзаттық үлкен мәселелердің бірі болып көтерілді. Осы театрда бірнеше жылдардан бері қызмет етіп жүрген Г.Қамысбаева режиссура өнерінің сырын толық меңгерген, шығармашылық үрдісті ұйымдастыра білетін қабілетті маман. Оның бұл қойылымынан әлем театр кеңістігіндегі тәжірибелерді өз жұмысында еркін қолда алатын ізденгіштігі анық байқалды. Қысқасы, «Қорғансыздың күні» спектаклін театрдың соңғы жылдардағы елеулі табыстарының қатарына қосамыз.

Фестиваль шымылдығы Бейбіт Сарыбайдың әңгімелерінің желісі бойынша қойылған «Кішкентай ауылдағы үлкен махаббат» спектаклімен жабылды. Режиссер Жұлдызбек Жұманбай жазушының «Бейкүнә күнақарлар», «Мейірім», Естелік», «Жалғыздық жыры», «Деканыңа сәлем айт», «Қаңғыбас шоколад», «Хат», «Тауық жайлы» шығармалары негізінде аса жинақы, көрермендердің қабылдауына жеңіл қойылым тудырған екен. Драматургиялық негізі жоқ әдеби композициямен спектакль жасау аса қиын жұмыс екені баршамызға жақсы мәлім. Соған қарамастан режиссер өзінің алдына қойған түпкі мақсатына қол жеткізіп, сахналық үлгісі айқын, бас-аяғы жұп-жұмыр көркем дүние тудырыпты.

Режиссер мен суретші Тимур Коесов қиялынан туған декорациялық көркемдеу актерлердің әрекет етуіне өте қолайлы жасалған. Сахна кеңістігін тұтас қамтыған жабдықтау – ұтымды шарттылыққа негізделіп, көркемдік жинақылыққа жеткен.

Жоғарыда аталған әңгіме кейіпкерлерінің өмір сүретін орталары әрқилы болғанына қарамастан, осы декорация аясында барлық оқиғаның мазмұны толық ашылды. Сонымен қоса режиссердің композитор Шәмші Күзенбаймен, жарық қоюшы Ғалымжан Жапаровпен, хореограф Шынар Нұрғалиевамен бірлескен жұмысы сәтті нәтижеге жеткізген.

Ж.Жұманбай авторлық баяндауларды ішкі қуаты мол диалогтарға айналдырып, кейіпкерлер әрекетін нақты анықтаған. Сондықтан да алғашқы сахнадан басталған ауылға деген сағыныш сазы спектакль соңына дейін сақталып, көрермен қауымды уысынан шығармайды. Бұл, әрине режиссердің тиянақты жұмысының нәтижесі. Оның сахналық шешімі мен актерлер ойыны да осы көркемдік нысанаға қазықталған. Тағы бір айта кететін мәселе, режиссер спектакльге қатысқан актерлердің өз рольдерін толық меңгеруіне жауапты қарағандығы болды. Сөзді таза сөйлеумен бірге, оның астарын ашу, екінші планды сезіну көптеген орындаушыларда оңтайлы шықты. Сондықтан қойылымда актерлік ансамбль, сахналық тұтастық сақталды.

Спектакльде ойнаған театрдың үлкен, орта, жас буын актерлерінің өнерлерінен кейіпкер мінезін даралаудағы шеберліктерін байқадық. Олардың ойындарындағы қимыл-әрекет психологиялық көңіл-күймен байланысып, оқиға дамуының сипатына қарай ауыл адамдарының жанды бейнесі жасалды.

Түйіндеп айтқанда, аталған қойылым ұлттық әдеби туындыларды игерудегі театрдың қомақты табысы деуге болады. Сөйтіп, Атырау төрінде дүбілеп өткен театрішілік фестиваль алдағы уақытта жалғасын табатынына сеніміз мол. Бұған ұжымның шығармашылық шабытының артығымен жететініне куә болдық.

Сонымен, қазылар алқасының шешімімен фестивальде оқ бойы оза шауып, шеберліктерімен дараланған актерлер төмендегіше марапатталды.

  1. «Үздік актриса» – «Қорғансыздың күні» (авт. М.Әуезов, реж. Г.Қамысбаева) қойылымындағы «Әже» ролі үшін Ғазиза Бисенова.
  2. «Үздік актер» – «Қыр баласы» (Ә.Рахат, Ш.Үмбетқалиев) қойылымындағы «Маса» ролі үшін актер Бақытжан Өтеғалиев.
  3. «Үздік актерлік ансамбль» – «Қорғансыздың күні» (М.Әуезов, реж. Г.Қамысбаева) қойылымы.
  4. Екінші пландағы актриса» – «Кішкентай ауылдағы үлкен махаббат» (Б.Сарыбай, Ж.Жұманбай) қойылымындағы «Келіншек» ролі үшін актриса Шынар Рамазанова.
  5. «Екінші пландағы актер» – «Қыр баласы» (Ә.Рахат, Ш.Үмбетқалиев) қойылымындағы «Бала жүрек» ролі үшін актер Райымбек Каденов.
  6. «Жаңа есім» – «Кішкентай ауылдағы үлкен махаббат» (Б.Сарыбай, Ж.Жұманбай) қойылымындағы «Бала Бейбіт» ролі үшін Нұрбек Омар.

 Бақыт НҰРПЕЙІС,

өнертану докторы,

 Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық

 өнер академиясының профессоры, театртанушы