Visa Алматыда өткен форумда тәуекелдерді басқару мен жеке тұлғаны сәйкестендіру саласындағы озық инновациялық шешімдерін таныстырды

Visa (NYSE: V) – цифрлық төлемдер саласындағы жаһандық көшбасшы – Алматы қаласында алғашқы Visa Protect форумын өткізіп, Орталық Азия елдерінен келген сала сарапшыларын, клиенттерді және серіктестерді бір алаңға жинады. Форум жаңа сауда дәуірінде өңірдің қаржылық экожүйесін қолдауға бағытталған, ал оның басты назарында — сенімділік, тұрақтылық және интеллектуалды технологиялар тұр.

Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанда цифрлық трансформация үдерісі жеделдеген сайын, форум Visa компаниясының төлем қауіпсіздігі мен цифрлық сервистерге қатысты үздік заманауи шешімдерін таныстыруға арналған тиімді алаңға айналды.  Іс-шара барысында жаңа тәуекелдерді анықтау мен киберқауіпсіздікті күшейтуден бастап, төлемдерді қабылдау кезіндегі қауіптерді тиімді басқару және бизнестің тұрақты дамуына жол ашатын шешімдерге дейінгі бірқатар өзекті мәселелер көтерілді.

«Қазақстан заманауи және қауіпсіз цифрлық инфрақұрылымды құру үшін қаржылық технологияларды белсенді түрде дамытуда. Қаржылық қызметтердің қолжетімділігін, тиімділігін және ашықтығын арттыру үшін озық шешімдер енгізілуде. Ұлттық банк қаржылық қызметтердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше мән береді және алаяқтықпен күресу бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Біз алаяқтық әрекеттерді анықтау және алдын алу мақсатында іс-шаралар жүргізіп жатырмыз, сондай-ақ қаржылық қызметтерді ұсыну қауіпсіздігіне қатысты нормативтік-құқықтық база талаптары күшейтілуде», — деді Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төраға орынбасары Виталий Тутушкин.

Форумның басты тақырыбы тәуекелдерді басқару мен сәйкестендіруге арналған жасанды интеллект негізіндегі Visa Protect шешімдер жиынтығы болды. Бұл технологиялар нақты уақыт режимінде алаяқтықты анықтаудан бастап, интеллектуалды аутентификация мен шоттар арасындағы аударымдарды қорғауға дейін төлем процесінің барлық кезеңінде сенімді қорғаныс қамтамасызты етеді.

«Қазіргі заманғы қауіптер — бұл нақты уақыт режимінде жүзеге асатын, жасанды интеллект қолданылатын және жоғары деңгейде үйлестірілген шабуылдар. Мұндай күрделілікке ескі жүйелер төтеп бере алмайды. Visa компаниясында біз алаяқтықты жай ғана анықтап қоймаймыз, біз оның алдын аламыз. Осы себепті соңғы бес жылда біз алаяқтықтың алдын алуға 12 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция салдық. Бұл 2024 жылдың өзінде ғана 40 миллиард доллар көлеміндегі алаяқтық операциялардың жолын кесуге мүмкіндік берді. Visa Protect төлем процесінің барлық кезеңінде туындауы мүмкін тәуекелдерді алдын ала болжауға мүмкіндік береді. Бұл біздің клиенттерге қауіп-қатерлерден озық әрекет етіп, қауіпсіз әрі ауқымды түрде дамуға жол ашады», — деді Visa компаниясының CEMEA өңірі бойынша қосымша қызметтер жөніндегі бөлімінің аға вице-президенті Уолтер Лирони.

Цифрлық технологиялардың, әсіресе жасанды интеллектінің дамуына байланысты қаржылық қауіпсіздік түбегейлі өзгерістерге ұшырауда. Алаяқтар фишингтен бастап дауыс пен бейнені өңдеуге дейінгі күрделі әрі шынайы көрінетін схемаларды құру үшін ЖИ-ді жиі қолдана бастады. Мұндай жағдайда қауіпсіздік тек техникалық мәселе ғана емес, үнемі қауіптерді талдауды, тұтынушылардың әрекетін бақылауды және жаңа қорғаныс құралдарын енгізуді талап ететін міндетке айналуда.

«Visa Stay Secure 2025» зерттеуінің нәтижесіне сәйкес, Орталық және Шығыс Еуропа, Таяу Шығыс пен Африка (CEMEA) елдерінен қатысқан респонденттердің 97 пайызы алаяқтықты тану қабілетіне сенімді екенін айтқан. Алайда олардың 52 пайызы киберқылмыскерлердің құрбанына айналған, ал 16 пайызы бірнеше рет алаяқтыққа тап болған. Қазақстанда сауалнамаға қатысқандардың 50 пайызы алаяқтық фактісімен бетпе-бет келген. Бұл деректер адамдардың сенімі мен нақты жағдай арасындағы елеулі алшақтықты көрсетеді. Visa компаниясы үшін алаяқтықтың алдын алу – басым бағыттардың бірі. Біз қаржылық экожүйені қорғау үшін өз шешімдерімізді үнемі жетілдіріп отырамыз. Инновациялар мен оқыту арқылы біз адамдарға алаяқтықты тануға және оның құрбанына айналмауға көмектесуді мақсат етеміз», — деді Visa компаниясының Орталық Азия бойынша вице-президенті және өңірлік директоры Санжар Сүлейманов.

Панельдік сессиялар аясында сарапшылар Visa компаниясының эмиссия саласындағы қауіпсіздік пен тұрақты өсімді қамтамасыз етуге бағытталған тәсілдері туралы жан-жақты баяндап берді. Әсіресе жасанды интеллект пен цифрлық сервистердің дамуымен байланысты жаңа киберқауіптерден қорғану стратегияларына ерекше назар аударылды. Сонымен қатар қатысушылар сауда экожүйесін дамыту, эквайринг тәуекелдерін басқару және ықтимал қауіп-қатерлерге жедел әрекет ету мен тиімділікті арттыру үшін болжамды талдауды қолдану мәселелерін талқылады.

Сарапшылардың айтуынша, саланың барлық өкілдері – реттеуші органдардан бастап жеке компанияларға дейін – тығыз ынтымақтастық орнатқанда ғана жаңа сын-қатерлерді еңсеруге болады. Бұл – табысты және қауіпсіз цифрлық болашаққа апаратын басты шарт.

Форумда стратегиялық даму мәселесі де маңызды тақырыптардың бірі болды. Спикерлер Visa компаниясының консалтингтік және басқарылатын сервистері бизнеске қауіпсіздікті нығайтып, сондай-ақ бизнес-процестердің тиімділігін жүйелі түрде арттыруға қалай көмектесетінін атап өтті. Киберқауіптер күшейіп отырған қазіргі жағдайда бұл төлем индустриясының тұрақты дамуы үшін аса маңызды факторға айналуда.