WKF каратэден Қазақстан чемпионаты бастау алды
Ақтау қаласындағы «Маңғыстау арена» спорт кешенінде ересектер арасында WKF каратэден Қазақстан чемпионатының алауы жағылды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Оған ҚР WKF каратэ федерациясы одағының вице-президенті Болат Хавлахат, бас хатшысы Асқар Молдағали, мемлекеттік жаттықтырушысы және атқарушы директоры Майя Баймағанбетова, бас жаттықтырушысы Тарек Абдессалем, сондай-ақ Маңғыстау облысының каратэ федерациясының президенті Бекмұрат Жүсіпов қатысты.
Аталмыш шарада алғашқы болып Болат Хавлахат сөз сөйлеп, қатысушыларға сәтті өнер көрсетуді тіледі.
«Баршаңызды чемпионаттың ашылуымен құттықтаймын! Жарысты ұйымдастыруға және өткізуге қолдау көрсеткені үшін Маңғыстау облысының спорт басқармасына алғысымызды білдіреміз. Қазіргі таңда жыл сайын түрлі деңгейдегі жарыстар өткізіліп келеді. Биыл да каратэшілеріміздің дайындығы жақсы. Әрине бапкерлер алқасы жан-жақты сараптап, мықтылар іріктіледі. Сондай-ақ ел біріншілігінің қорытындысы бойынша келесі жылға Ұлттық құрамаға кіретін спортшылар анықталып, бекітіледі. Жеңістен жеңіске жете берейік! Әрдайым көк байрағымызды биікте желбірете беріңіздер!», — деді Болат Хавлахат.
Бәсекенің алғашқы күні жекелей сында ката және кумитеден әйелдер арасында 50 кг, 55 кг, ерлер арасында 55 кг, 60 кг, 67 кг, 75 кг салмақта жүлде жиынтығын сарапқа салуда.
Енді ертең қалған салмақта жекелей және командалық жарыстар өтеді.
Айта кетейік, 7 сәуірге дейін жалғасатын байрақты бәсекеге еліміздің 14 аймағынан 150-ге жуық спортшы қатысып жатыр.