Заманауи көшпенділер өнері

Осы күндері «Астана Операда» зор табыспен өтіп жатқан «Опералия» халықаралық музыкалық фестивалін заманауи ұлттық өнердің ұмытылмас кеші – Nomad Inspiration гала-концерті жалғастырады. «Астана Опера» балет труппасы мен HasSak этно-фольклорлық тобының бірлескен жобасы көрермендердің назарына театрдың Үлкен залы сахнасында 8 маусымда ұсынылады.

Nomad Inspiration бірегей жобасы жарқын әрі жас хореограф, «Астана Операның» балет солисі Сұлтанбек Ғұмардың ерекше идеяларын, HasSak ансамблі мен композитор Хамит Шанғалиевтің аспаптық музыкасын біріктіретінін атап өтуіміз керек.

Nomad Inspiration сынды бастамалардың қазақстандық мәдениетті әлемдік сахнада насихаттаудағы маңыздылығын театр дирекциясында атап өтті.

– «Опералия» сынды мұндай ауқымды халықаралық фестиваль аясында әлемдік жауһарлармен қатар, ұлттық өнердің де жоғары деңгейде таныстырылуы біздің ұжым үшін өте маңызды. Nomad Inspiration  Қазақстанның классикалық балетінде жаңа хореографиялық тілді іздеуге «Астана Операның» қосқан өзіндік үлесі болып табылады. Сондай-ақ бұл жоба – жас дарындарды анықтау әрі қолдау театр қызметінің басым бағыттарының бірі саналатынының айқын көрінісі. Сондай дарынды жастардың бірі – келешегі зор балетмейстер Сұлтанбек Ғұмар. Бүгінде қазақстандықтардың шығармашылығы халықаралық аренада зор қызығушылыққа ие екені сөзсіз. Афишадағы ұлттық спектакльдер мен концерттік бағдарламаларды отандық аудиторияның ғана емес, шетелдік көрермендердің де ықыласпен бақылайтынын көру көңілге қуаныш ұялатады, – деп атап өтті театр әкімшілігінде.

Айта кету керек, бұл кеште елорда тұрғындары мен қонақтары «Астана Опера» балет труппасы әртістерінің орындауында С.Ғұмардың айрықша хореографиялық нөмірлерімен, оның ішінде А.Райымқұлованың музыкасына «Мәңгүрт», HasSak ансамблінің музыкасына «Той бастар», «Аралым», «RUH», ­Х.Шанғалиевтің музыкасына «Әлем» композицияларымен рақаттана алады. Осы ретте «Мәңгүрт» нөмірінде балет солисі Серік Нақыспеков пен әртіс Лимара Айдарованың дебюттері күтілуде.

Елордада «Опералия-2025» фестивалі өтеді

– Nomad Inspiration жобасын «Опералия» халықаралық фестивалінде таныстыру мен үшін зор мәртебе, – дейді Сұлтанбек Ғұмар. – Оның осындай ауқымды бағдарламаның бір бөлшегіне айналуы біздің жұмысымыздың көрермендердің жүрегінен орын алғанын білдіреді. Әрине, мен келешекте неғұрлым көлемді, терең қойылымдар ұсынамын деп үміттенемін, ал қазіргі жасаған дүнием маған теңізге құйылған тамшы тәрізді. Дегенмен осы нөмірлердің өз көрерменін тапқанына қуаныштымын. Мен өзіме әрдайым жоғары талап қоямын: дайындық барысында үнемі өзгертулер енгізуге тырысып, хореографияны жандандырамын, жарыққа және әртістер арасындағы өзара байланысқа жаңа нюанстар қосамын. Бұл үздіксіз процесте дамудың және ізденістің шегі жоқ.

Бағдарламаның жарқын сәті балетмейстердің «Кемел адам» деп аталатын жаңа нөмірінің орындалуы болмақ. Оны жетекші солист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Өнербаева мен театр солисі Ғалымжан Нұрмұхамет таныстырады. Бұл нөмірдің премьерасы жуырда ғана приманың шығармашылық кешінде өткен еді.

– Мәдина Өнербаеваның өзі келіп, маған шығармашылық кешіне нөмір қойып беру туралы ұсыныс айтқанда қатты қуандым. Мәдина – өз ісінің хас шебері, сондықтан оның мені хореограф ретінде мойындауы мен үшін зор мәртебе. HasSak этно-фольклорлық ансамблінің музыкасына жасалған миниатюраны «Кемел адам» деп атадық. Жалпы, кемел адам деп өмірде өз орнын тапқан, ақыл-ойы толысқан, өз еңбегімен жоғары жетістіктерге қол жеткізген тұлғаны айтады. Менің көзқарасымда Мәдина Өнербаева – сондай жанның нақ өзі, – деп пікірімен бөлісті Сұлтанбек Ғұмар.

– Тың дүние жасауға деген талпыныс кішкентай кезімнен бар, – деп әңгімеледі хореограф. – Әкем – суретші, онымен қоса өлең жазады. «Әке көрген оқ жонар» демекші, бәлкім өнерге деген қызығушылығымның оянуына оның тағылымы әсер еткен болар. Бала кезімнен өз ойым мен сезімімді іс-әрекеттер арқылы жеткізуге тырыстым: сурет салдым, кейін фотоға және бейнеге түсірумен айналыстым. Соның барлығы менің көркемдік қарым-қатынас жасауымның бір бөлшегіне айналды. Қазақ ұлттық хореография академиясында хореография факультетін тамамдағаннан кейін сахна мен қимыл – әлеммен тілдесу тәсілім екенін ұғындым. Кейде сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін болмайды, бірақ би тілі ішіңдегіні түсіндіруге көмектеседі. Мен көрермендермен өзімнің ішкі әлеміммен осылай бөлісемін.

Мәдина Өнербаеваның шығармашылық кеші «Опералия» фестивалінің сәнін келтіреді

Балеттік нөмірлермен қатар, концерт бағдарламасында HasSak этно-фольклорлық ансамблі мультиаспапшыларының өнер көрсетуі ұсынылады. «Астана Опера» симфониялық оркестрін кеш бойы «Құрмет» орденінің кавалері Руслан Баймурзин басқарады.

Жобаны жүзеге асыру келешегінен үміт күттіретін жастардың шығармашылығын ұдайы қолдап жүретін театрдың балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратованың арқасында мүмкін болғанын атап өтуіміз керек.

Telegram-канал: Заманауи көшпенділер өнері