Заң саласының үздіктерін дайындау – басты борышымыз

Заң факультетіне 70 жыл!

Құқықтық жүйенің маңызды салаларының бірі – қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу. Бұл сала дауларды әділ шешу, жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын қорғау, сот әділдігін қамтамасыз ету секілді күрделі процестерді қамтиды. Қазіргі таңда заң мамандарын дайындайтын оқу орындардың  үздіктер қатарында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті бар. Заң факультеті осы жылы өзінің 70 жылдық мерейтойын атап өтуде. Бұл – білім мен ғылымның, құқықтық мәдениеттің қалыптасуы мен дамуының жарқын тарихы. Жарты ғасырдан астам уақыт ішінде факультет мыңдаған білікті заңгерлерді дайындап, еліміздің құқықтық жүйесіне зор үлес қосты.Заң факультетінің даму жолында қылмыстық құқық қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы аянбай еңбек етті. Кафедра  оқытушылары заң саласын меңгеруде ерекше белсенділік танытып, теориялық білімін тәжірибемен ұштастыра білді. Ұстаздар тәрбиелеген шәкірттер университет қабырғасында түрлі құқықтық байқаулар мен сот процестерін модельдеу жарыстарына қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Кафедраның білім беру бағдарламалары қылмыстық құқық пен қылмыстық процестің теориялық және тәжірибелік аспектілерін қамтиды. Студенттер тергеу тактикасы, дәлелдемелерді зерттеу, сараптамалық әдістер бойынша білім алып, құқық қорғау органдарында тәжірибеден өтеді.Кафедра базасында криминалистика зертханасы, оқу сот залы, іс жүргізу құжаттарын дайындау бойынша практикумдар ұйымдастырылып, болашақ заңгерлердің тәжірибелік дағдыларын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді.

Факультет алғашқы күннен бастап Қазақстанның құқықтық саласына жоғары білікті мамандар даярлауды басты мақсат етті. Факультеттің негізін қалаған алғашқы оқытушылар мен ғалымдар құқықтық білім берудің сапасын арттыруға ерекше үлес қосты. Бастапқыда факультетте бірнеше ғана мамандық бойынша оқу жүргізілсе, бүгінгі таңда бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары арқылы заң саласының түрлі бағыттарында мамандар даярланады. 70 жыл ішінде факультеттің түлектері еліміздің құқық қорғау, сот, прокуратура, мемлекеттік басқару органдарында, сондай-ақ жеке заңгерлік және ғылыми-зерттеу қызметтерінде табысты еңбек етуде. Олардың арасында көрнекті судьялар, прокурорлар, адвокаттар, заң ғылымдарының докторлары мен профессорлар бар. Факультет ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де ерекшеленеді. Оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы заңнаманы жетілдіру, құқықтық реформаларды дамыту және құқықтық мәдениетті қалыптастыру бойынша маңызды ғылыми еңбектер жазып, еліміздегі заң шығару процестеріне белсенді қатысуда.

Факультет тек дәстүрлерді сақтап қана қоймай, сонымен қатар заманауи өзгерістерге бейімделіп келеді. Бүгінде оқу үдерісіне инновациялық технологиялар енгізіліп, студенттер тәжірибелік білім алу мақсатында құқық қорғау органдарымен және заң фирмаларымен тығыз байланыс орнатуда.

Факультеттің 70 жылдық мерейтойы – бұл өткенге құрмет пен болашаққа сенімді қадам. Алдағы жылдары да оқу орны заң саласында білікті мамандар дайындауды жалғастырып, еліміздің құқықтық жүйесінің дамуына өз үлесін қоса беретіні сөзсіз. 70 жыл – бұл тек жылдар саны емес, бұл – сапалы білім мен кәсіби шеберлікке ұмтылған бірнеше буын заңгерлердің тарихы. Әл-Фараби атындағы заң факультеті алдағы уақытта да заң ғылымының, құқықтық білім берудің және әділдік принциптерін қорғаудың алдыңғы қатарында болатынына сеніміміз мол.

Базилова А.А

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу

және криминалистика кафедрасының аға оқытушысы

Бакиева К.А.,

Қали М.Е.,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Заң факультетінің студенттері