Заң саласының үздіктерін дайындау – басты мақсатымыз
Заң саласында білікті маман даярлау жолында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті таптырмас оқу орны. Болашақ заңгерлерді дайындайтын факультетіміз тарихқа толы. Осы жылдар ішінде факультет мықты оқытушылар құрамын жасақтап, еліміздің атын шығарып жүрген мамандарды даярлап шығарды. Іргетасы қаланғаннан бері, заң факультеті көптеген жаңғыртулар мен жаңартуларды басынан өткерді. Бүгінде заң факультетінде болашақ құқықтану, құқық қорғау қызметі мамандықтары бойынша білім беріледі. Студенттерді даярлау үдерісі орта білім және жоғары білім негізінде жүзеге асырылады. Сонымен қатар, заң факультетінің студенттерінің магистратура және PhD докторантурасына түсіп,білімін жалғастыруға толық мүмкіндіктері бар. Өз жұмысын сүйетін, өз өмірін құқық саласы мен заң ғылымдарына арнаймын деген жанға, факультет базасында керек оқу құралдары мен материалдардың барлығы дерлік бар. Факультет өз ұстаздарына да үнемі көңіл бөліп отырады. Факультетте сабақ беретін мамандар жыл сайын халықаралық конференцияларға қатысып, білімін арттыруда.Әртүрлі деңгейдегі, күрделі ғылыми-тәжірбиелік мәселелерді шешуге толық мүмкіндігі бар факультеттің – тәжірибелі мамандары мен материалдық базасының арқасында әлеуеті айтарлықтай арта түсуде.Кафедрамызда құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен жиі дөңгелек үстелдер, пікір алмасу іс-шаралары өткізіліп отырады.Алматы қаласы Алмалы ауданы прокуратурасының қызметкерлерімен «Есірткінің заңсыз айналымы саласындағы қылмыстарды сотқа дейінгі тергеп-тексерудің ерекшеліктері» атты дөңгелек үстел, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің М.Есболатов атындағы Алматы академиясында темекі шегудің алдын алу және одан бас тарту бойынша ҚР ІІМ офицерлерінің басшылық құрамы арасында мастер класс өтті. Осындай іс-шаралар білім алушыларға тәжірибе жинап, ой алмасуға таптырмас мүмкіндік деп ойлаймын.
Оқу орнында профессор мен ғылым докторлары, ғылым кандидаттары, доценттер, сонымен қатар ҚР Парламенті, ҚР Үкіметі, ҚР Президенті Әкімшілігі, ҚР Жоғары Соты, құқық қорғау органдарында қызмет атқарған жоғары тәжірибелі мамандар дәріс оқиды. Мамандардың басым көпшілігі түрлі шет тілдерді еркін меңгерген, алыс-жақын шетелдерде тағылымдамадан өткен мықты мамандар. Заң факультеті жыл сайын мемлекет пен құқықтың өзекті мәселелері жөнінде халықаралық және республикалық конференциялардың, сонымен қатар Қазақстан Республикасы студенттері арасында құқық пәндерінен өткізілетін әртүрлі олимпиадалардың тұрақты ұйымдастырушысы болып келеді. Факультетте ғылыми оқу-әдістемелік әдебиеттің бай қоры жинақталған. Сондай-ақ, мұрағат материалдары жинақталған көне кітапханасы да бар. Заңгер мамандығын таңдап қана қоймай оны бар жан-тәніңмен қызығып ізденіп, жұмыс жасау әр түлектің Отан алдындағы парызы деп білемін. Себебі, заң саласы адам өмірінің кепілі іспеттес. Шынайы және әділетті шешімдер қабылдауға, тәртіп орнатуға,адам өмірінің қауіпсіздігіне тікелей жауапты шәкірттерімізге қоғам алдында артылар міндетте мол.
Мухамадиева Гүлжан Нүсіпжанқызы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультеті
қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және
криминалистика кафедрасының доценті, з.ғ.к
Дәулетқұл Әбіш
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультеті
қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және
криминалистика кафедрасының студенті