Жабдықтарды жаңарту, Есіл өзеніне дейін бөгеттер мен су құбырларын жөндеу жұмыстары талқыланды
ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қарағанды және Павлодар облыстарына жұмыс сапарымен барып, «Қазсушар» РМК «Қ.Сәтбаев атындағы канал» филиалының нысандарын аралады.
Министр каналдың құрылымымен және жұмысымен танысты, сондай-ақ филиалдың Қарағанды және Павлодар басқармаларының өндірістік учаскелері мен диспетчерлік пункттерін, сорғы станцияларын, су тораптарын, бөгеттерді, қосалқы станциялар мен трассаларды қарап шықты. Осы нысандар арқылы Астананы сумен жабдықтау үшін каналдан Есіл және Нұра өзендеріне су жіберіледі.
Нұржан Нұржігітов сондай-ақ филиалдың басшылық құрамымен және пайдалану учаскелерінің басшыларымен кеңес өткізді. Кеңесте каналдан Есіл өзеніне дейін су құбырын қайта жаңарту қажеттілігі, сондай-ақ №4 су торабының №87 бөгетін реконструкциялау мәселелерін талқылады.
Талқылау барысында басқа да маңызды мәселелер көтерілді. Мысалы, сорғы станциялары мен қосалқы станциялардағы жабдықтарды ұзақ мерзімді жұмыс мерзіміне байланысты жаңарту қажеттілігі, сондай-ақ жалақының төмендігіне байланысты кадр тапшылығы.
Нұржан Нұржігітов жоғарыда аталған барлық мәселелер бойынша министрлік жұмыс істеп, егжей-тегжейлі зерделейтінін мәлімдеді.
«Біздің тарапымыздан жедел іс-қимылды талап ететін, көптеген жылдар бойы жинақталған проблемалар бар. «Қ.Сәтбаев атындағы канал» — еліміздің барлық орталық бөлігі үшін маңызды стратегиялық нысан. Сондықтан, №87 бөгетті жөндеу бойынша қолданыстағы жобаларды мүмкіндігінше тезірек аяқтау қажет, өйткені каналдан Есіл өзеніне дейінгі су құбырын реконструкциялау және каналдың су тораптарынан Астана қаласын сумен жабдықтаудың жаңа трактілерін салуды қоса алғанда, әлі де маңызды міндеттер көп. Министрлік өз тарапынан барлық қажетті қолдауды көрсетеді»,– деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.