Жайлы мектепті көрген ардагер ұстаздар: «Мұндай мектеп бізге арман еді»

Бесқарағай ауданында өңірдің білім саласына ұзақ жылдар еңбек сіңірген ардагер ұстаздарға арналған тағылымды кездесу өтті. Мерекелік шараға Ресейден, Павлодар, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарынан келген 100-ге жуық ардагер ұстаз арнайы шақырылды.

Кездесу аясында ардагерлер жаңадан ашылған 300 орындық «Жайлы мектептің» жұмысымен танысты. Кең әрі жарық, заманауи үлгіде жабдықталған сыныптарды аралаған ұстаздар мектептегі оқу-тәрбие жағдайының күрт жақсарғанын ерекше атап өтті.

«Біз кезінде ескі ғимаратта, суық сыныптарда, тапшылықта жұмыс істедік. Қазіргідей кең, жарық, барлық жағдайы жасалған мектептер ол кезде тек арман еді. Мынадай «Жайлы мектепті» көріп, көңіліміз толды. Қазіргі оқушылар да, мұғалімдер де бақытты. Білім беруге мүмкіндік те, жағдай да бар. Осыны көріп, болашаққа сеніміміз арта түсті», – деді ардагер ұстаздар.

Жиын барысында аудандық білім бөлімінің басшысы ардагерлерге алғыс айтып, салтанатты түрде алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.

Шара концерттік бағдарламамен жалғасып, ұстаздар ән тыңдап, естеліктерін бөлісті. Олар мұндай кездесулердің ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, ұстаз еңбегіне деген құрметтің нақты көрінісі екенін атап өтті.

Абай облысы Білім басқармасының баспасөз қызметі