Жаңа жыл жас әртістердің дебюттерімен басталды
Жаңа жылдың алғашқы аптасында, яғни 7, 8 және 9 қаңтарда «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында Тибор Кочактың музыкасына Дюла Харангозоның қойылымындағы «Ақшақар мен жеті ергежейлі» балеті ұсынылды. Барлығына бала кезден таныс ғажайып спектакльде театрдың жас әртістерінің дебюттері орын алды.
Еске сала кетейік, осынау тамаша балет елордалық театрдың репертуарында «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратованың бастамасымен пайда болған еді. Қоюшы хореограф Дюла Харангозоның пікірінше, «Астана Опера» балет труппасының спектаклі оның бұдан бұрын Еуропада жүзеге асырған қойылымдарының ішіндегі ең үздік нұсқасы болған.
Балет көрермендерді керемет ханшайым мен жеті адал ергежейлінің сиқырлы әлеміне жетелеп қана қойған жоқ, сонымен қатар әсем шырша жарқыраған фойеде жаңа жылдық ертегіге еліктірді. Ал сахна шымылдығы ашылғанда театр көрермендерге талассыз ғажайып – айрықша хореография, әсем декорациялар мен көз тартарлық костюмдердің көмегімен баяндалған махаббат пен жақсылық хикаясын тарту етті. «Астана Операда» әлі де Жаңа жыл мерекесінің лебі сақталып, көрермендердің жүрегін тамаша музыканың және таңғажайып оқиғалардың ырғағымен бірге соғуға мәжбүрледі.
«Астана Опера» балет труппасының әртісі Айдан Қалжан жаңа жылды осынау танымал балеттегі Ханзаданың жетекші партиясымен бастағаны өзі үшін үлкен қуаныш әрі абырой екенін жеткізді.
– Бұл спектакльдегі Ханзада партиясының басқа балеттегі ханзадаларға қарағанда ерекшелігі бар. Ол қарапайым, кішкене ақкөңіл десем де болады. Партия өзінің хореографиялық және техникалық шешімдерімен күрделі әрі қызықты. Әрбір рөлім маған өзінше шабыт береді, жаныма жылулық сыйлайды. Негізі, табиғатым жағымсыз кейіпкерлерді орындауға жақын, бірақ Ханзаданың партиясы маған өзімді басқа қырымнан тануыма көмектесті және осы репертуардың да оң жамбасыма келетінін ұғындырды. Хореография жайлы айтатын болсам, спектакльдің қоюшысы Дюла Харангозо классикалық би қағидасынан алыс кетпей, оны сол күйінде сақтап, бұл балетті жаңаша көзқараспен жарыққа шығарды. Бәрімізге таныс бұл ертегі әлемдік репертуарда өз орнын тапты. Жаңа партиямен сахнаға шығар алдында әрдайым аздап қобалжимын, бірақ көрермендердің көздеріндегі жалынды көргенде жігерленіп кетемін. Театрдың жас әртісі болғандықтан, осындай жетекші рөлді сомдауға мүмкіндік бергенде қатты қуандым және өзіме берілген міндетті абыроймен атқарып шықтым деп ойлаймын, – деді Айдан Қалжан пікірімен бөлісті.
Ал 7 қаңтарда кешкі спектакльде өнер көрсеткен оның әріптесі, балет әртісі Жақсылық Сауқымбеков өзіне Аңшының бейнесін жасауға көмектескен тәлімгер ұстаздарының зор еңбегін атап өтті.
– Спектакльдегі Аңшының партиясын алғаш рет орындадым. Техникалық жағынан да, актерлік ойын жағынан да бұл рөл өте қызықты, десе де Аңшы бұл спектакльдегі негізгі кейіпкерлердің бірі болғандықтан, техниканы ойлай отырып, актерлік ойынды ұмытуға болмайды. Сол себепті мен мұқият дайындалдым, Гауһар Усина мен Рүстем Сейітбеков сынды ұстаздармен жұмыс істеу өте қызықты, әлбетте олар маған осы партияға дайындалуға көп көмектесті. Спектакльдің өзі ертегі болып табылады және оның негізгі аудиториясы – бұл әрине балалар, оларға осынау ертегіге шому қатты ұнады деген үміттемін. Басты рөлдердің бірін сомдауға мүмкіндік бергені үшін Алтынай Асылмұратоваға алғысымды айтқым келеді, оның бізге және біздің жастарымызға қосып жатқан үлесі зор. Көрермендерге хикаяның барлық мән-маңызын жеткізе алдым деп сенемін! – деді Жақсылық Сауқымбеков.
Спектакльдегі басқа да кейіпкерлердің рөлдерін театрдың дарынды солистері шебер орындады. Атап айтсақ, түрлі күндері Ақшақардың бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Өнербаева, Аделина Төлепова, Ханзаданың рөлін Айдан Қалжан мен Данияр Жұматаев таныстырды. Аңшының партиясын Олжас Тарланов пен Жақсылық Сауқымбеков орындаса, Патшайымның бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әнел Рүстемова, Еркежан Жүнісова жүзеге асырды және алғаш рет Амина Кисембаева осы партияда сахнаға шықты. Бұдан бөлек келесі партияларда да дебюттер орын алды: Аңқау – Бостан Қожабеков, Көңілді – Ерсұлтан Тойгулов, Түшкіргіш – Александр Корнилов. Жын-перілер – Айжан Қажыбаева, Вега Камар Икбалова. Әртістер балалар мен ересектерді жақсылық зұлымдыққа төтеп берген ертегі әлеміне жетеледі.
2024 жылдағы осынау алғашқы балеттік спектакльде «Астана Опера» Симфониялық оркестрі үш күн қатарынан маэстро Арман Оразғалиевтың жетекшілігімен өнер көрсетті.