Жаңалықтарға, құрмет-қошемет пен қажырлы жұмысқа толы маусым

Ауқымы мен мазмұны жағынан әсерлі болған «Астана Операның» XII театр маусымы қазақстандық көрерменді таңғалдырып, шабыттандырды. Осы маусым аясында спектакльдерге, концерттер мен фестивальдерге шамамен 80 мың көрермен келді.

Маусым премьералар қатарымен есте қалды, олардың әрқайсысы айрықша оқиғаға айналды. Қазан айында көрермендер Антонио Вивальдидің «Қаһарлы Орландо» премьерасы арқылы барокко операсының сиқырын сезінсе, қараша айында композитор Сыдық Мұхамеджановтың 100 жылдығына орайластырылған оның «Айсұлу» комедиялық операсының ұлттық атмосферасына бойлады. Қаңтар Nomad Inspiration ұлттық бағдарламасының премьерасымен қуантты, бұл – көне аспаптардың үні би тілімен өрнектелген HasSak этно-фольклорлық ансамблі мен балет труппасының шығармашылық үйлесімі. Көктемде сахна төрін Ролан Петидің «Арлезианка», «Бозбала және Өлім», «Кармен» жауһарлары жаулап алды, ал Алтынай Асылмұратованың редакциясындағы П.Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» балетінің жаңа қойылымы маусымның шарықтау шегіне айналды.

Театрдың айрықша мақтанышы – көлемді әрі географиялық тұрғыдан ауқымды гастрольдік сапарлар. Қазан айында «Астана Опера» Мәскеудегі Үлкен театр сахнасында А.Жұбанов, Л.Хамидидің «Абай» операсын ұсынды – лық толы зал, көрермен қошеметі мен сыншылар пікірі труппаның жоғары кәсібилілігін айшықтап, шетелде ұлттық классикамызға деген қызығушылықты айғақтады. Сондай-ақ труппа Шымкентте өнер көрсетіп, тыңдарман қауымға отандық әрі шетелдік композиторлардың туындыларымен керемет үйлескен бағдарламаны ұсынды. Желтоқсан айында Дубайда «Щелкунчик» балеті аншлагпен өтті: әйгілі Dubai Opera-да сахналанған алты көрсетілім көрермендерге нағыз сый болды, ал театр оркестріне маэстро Джузеппе Акуавива дирижерлік етті. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында театр әртістері Ақтөбе, Хромтау, Рудный және Павлодарға аттанды, мұнда олар зауыттарда өнер көрсетіп, шеберлік сабақтарын өткізді, жаңа көрермен аудиториясына өнерлерін паш етті. Көктемде Санкт-Петербордағы Dance Open беделді халықаралық фестивалі шеңберінде «Астана Опера» Ролан Петидің қойылымында Лео Делибтің «Коппелия» балетін ұсынды.

Маусымның айтулы шаралары қатарын фестивальдер толықтырды. Театр 1 сәуірде ұлы композитордың мерейтойына арналған «Бах және оның замандастары» фестивалінің шымылдығын ашып, елордаға барокко көктемін сыйлады. Одан кейін гобой мен фаготқа арналған тақырыптық Double Reed жалғасты. Екі айға созылып, сахнада Қытай, Ресей, Италия, Франция, Моңғолия және т.б. елдерден келген қонақтардың басын қосқан ауқымды «Опералия» халықаралық музыкалық фестивалі өтті. Маңызды мерейтойлық күн де ұмыт қалған жоқ: 9 Мамырдағы «Ұлы Жеңіске мың тағзым!» театрландырылған концерті Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналып, онда соғыс жылдарындағы әндер шырқалды және ерлік көрсеткен батырлардың рухына тағзым етілді.

«Астана Опера» қонақтарды белсенді қарсы алды: К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында Жапония мен Италиядан келген пианистер, соның ішінде Юки Мурата мен Маурицио Биньоне өнер көрсетті. Канадалық әртіс Стив Баракатт Үлкен зал сахнасында 125 музыкант, вокалистер мен балет әртістерінің басын қосты. Қазақстанда алғаш рет Румыниядан келген «Мадригал – Марин Константин» ұлттық камералық хоры өнер көрсетіп, қазақстандық көрерменді Барокко дәуірінің музыкасы мен қазақ шығармаларын орындап таң қалдырды.

Театрлық маусымда әртістеріміздің жетістіктері ерекше орын алды. Жас хореограф Сұлтанбек Ғұмар Санкт-Петербордағы фестивальде өзінің Mankurt миниатюрасын қойып, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Театр солистері Қазақстан атынан Болгария, Венгрия, Қытай, Түркия және Ресейде өнер көрсетті. Азат Мәлік Венгрия мемлекеттік опера театрында Джон Адамстың «Никсон Қытайда» операсының премьерасында басты партияны орындап, «Фальстаф» спектаклінің 10 көрсетіліміне қатысты. Ұлпан Әубәкірова – Анкарада, Анастасия Заклинская мен Серік Нақыспеков – Кремль сарайында, Салтанат Ахметова мен Бақтияр Адамжан Новосібірде өнер көрсетті. Осы қалада Б.Адамжан Светлана Захарованың гала-концертіне, кейін Анастасия Заклинскаямен бірге Петерборда Андрис Лиепаның кешіне қатысты. Диас Құрманғазы Башқұртстан театры сахнасында «Жизель» балетінде жарқырап өнер көрсетсе, Қазан қаласында Нуриев атындағы фестивальде Бақтияр Адамжан мен Шұғыла Әдепхан зор қошеметке ие болды. Б.Адамжанның өзі осы жазда және күзде Жапония, Австралия, Жаңа Зеландия және Қытай елдеріне ауқымды гастрольдік турға аттанбақ, айта кетсек, былтыр ол Айгерім Бекетаевамен бірге өнер көрсеткен еді. Ал 7 шілде күні ол Осакада өткен беделді Roberto Bolle and Friends жобасында Орталық Азиядан жалғыз қатысушы ретінде жарқырап өнер көрсетті. Театр режиссері Еренбақ Тойкенов осы жазда Вена опера фестивалінде «Травиата» және «Барлық әйел осылай жасайды» қойылымдарына режиссердің ассистенті ретінде қатысуда.

Шығармашылық ұжымдар ішінде де білім беру бастамалары болды. «Астана Опера» балет труппасымен екі апта бойы Венгрия ұлттық балетінің (Будапешт) тәлімгер ұстазы, А.Я.Ваганова атындағы Орыс балет академиясының түлегі, Мариинский театрының бұрынғы әртісі Ирина Прокофьева жұмыс істеді. Италия, Қытай және Кореяда жинақтаған халықаралық оқытушылық тәжірибесі бар И.Прокофьева әртістердің техникасын жетілдіруге көмектесті.

Жас әртістер үшін де бұл жылдың маңызы зор болды. Халықаралық опера академиясы үшінші маусымын аяқтап, тыңдаушылары кәсіби тұрғыдан өсіп, жетістіктерімен таңғалдырды. Қазақстанның маэстролары – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жұпар Ғабдуллина мен Азамат Жылтыркөзовтің және Еуропа шеберлерінің жетекшілігімен олар концерттерде өнер көрсетіп, спектакльдерге қатысып, күрделі опера көріністерін, арияларын игеріп, көпшіліктің жүрегін баурап алды. Тыңдаушылар шетелдік коучтар: Доната Д’Аннунцио Ломбарди, Федерико Лонги, Алессандро Бениньи, Джузеппе Акуавива, Дмитрий Вдовиннің шеберлік сабақтарына қатысуға мүмкіндік алды. Жүрекке жылукөңілге қуаныш сыйлайтын «Туған тілде» концерті оқу жылын қорытындылады. Маусым бойы олар «Вокалдық музыка інжу-маржандары», Vivat Academia!, «Наурыз-думан» және басқа да кештерде өнерлерін паш етті. Тыңдаушылар елімізде алғаш рет Винченцо Беллинидің «Капулетти мен Монтекки» операсының премьерасын ұсынды, бұл академия үшін үлкен жетістікке айналды.

Маусым лайықты марапаттар да әкелді. Желтоқсан айында «Сыншылар Жүлдесі» салтанатты рәсімінде Айгерім Бекетаева мен Арман Уразовтың еңбегі атап өтілді. Лейла Аламанова Мұқан Төлебаев атындағы вокалистер байқауының Гран-при иегері атанды.  Ticketon Award сыйлығының нұсқасы бойынша «Айсұлу» операсы жыл операсы деп танылды. Сондай-ақ осы сыйлық ұйымдастырған додада Айгерім Бекетаева жыл балеринасы, Серік Нақыспеков – жылдың балет әртісі, Назым Сағынтай – жылдың опера әншісі деп танылды.

Театр өзінің шығармашылық жетістіктерімен қатар гуманистік миссиясына да адалдығын үнемі сақтайды. «Астана Опера» қайырымдылық жобаларын, соның ішінде аутизм туралы ақпарат беруге арналған «Күн бәріне бірдей жарқырайды» жобасын ыстық ықыласпен жүзеге асырды. Маусымның жан тебірентерлік бөлігі ән, күлкі мен шынайы қуанышпен көмкерілген ерекше балаларға арналған «Тұсаукесер» іс-шарасы болды.

Әлбетте, осы жетістіктердің астарында ұжымның орасан еңбегі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауы, сондай-ақ өнерге деген шексіз іңкәрлік пен сүйіспеншілік жатыр. Алда XIII маусым: «Астана Опера» қоржыны жақын арада премьералар, жаңа есімдер және жаңалықтармен  қайта толығады.

Telegram-канал: Жаңалықтарға, құрмет-қошемет пен қажырлы жұмысқа толы маусым