Жаны қазақ жұмбақ қуыршақ, немесе «Астана Опера» ұжымы Санкт-Петерборды қалай тәнті етті

Кемеңгер Ролан Петидің хореографиясындағы Лео Делибтің француздық «Коппелиясы» 22 сәуірде Еуропаның ірі балет фестивальдерінің ондығына кіретін Dance Open халықаралық фестивалінде «Астана Опера» балет труппасының орындауында жанданды. Осынау гастрольдік көрсетілім көркем құрастырылған, терең сезілген әрі эмоцияға бай жарқын мәдени диалогқа айналды.

Бұл күні Санкт-Петерборда тағы бір маңызды оқиға орын алды, «Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан мен елордалық театрдың жарқын солисі Анастасия Заклинская «Андрис Лиепа 6:0» гала-концертінде өнер көрсетті. Мерейтойлық кеш «Қолтаңбалар мен бейнелер» жобасы аясында «Октябрьский» Үлкен концерт залында өтті.

Жарқын көңіл күй мен әзілге толы «Коппелия» қойылымы қазақстандық әртістердің орындауында ерекше бояулармен үн қатты. Театр репертуарына 2019 жылы енген балет осы жылдар ішінде труппа үшін жанға жақын спектакльге айналды және бұл қала қарбаласынан бастап Коппелиус шеберханасының ғажайып түрленуіне дейін әрбір сахнада сезіліп тұрды.

Көңілсіз гофмандық хикаяны комедиялық жауһарға айналдырған Ролан Пети әртістер мен көрермендерге ойын мен әзілге арналған кеңістік сыйлады. Оның нұсқасындағы «Коппелия» – бұл би мен актерлік ойын, мимика мен көңіл күйдің егжей-тегжейлі нюанстары бір-бірінен ажырамайтын балет. «Астана Опера» труппасы осынау тапсырманы керемет орындап шықты.

Франц рөліндегі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Рахматуллаев Сванильдаға шын көңілден тамсанып, жастықтың жалынымен шытырман оқиғалар желісіне тап болды. Оның келбетті, аңғал әрі көңілді кейіпкері сахнаға алғаш шыққан сәтінен бастап көрермендердің сүйіспеншілігін оятты.

Шұғыла Әдепханның орындауындағы Сванильда петерборлық жұртшылық үшін нағыз жаңалық болды. Оның кейіпкері тапқыр әрі батыл. Ойыншыл қыздан механикалық қуыршаққа оңай ауысқан ол тұтас спектакльді соңынан ерткендей болды. Би техникасы, мимикасы мен ішкі энергиясы – барлығы да оның бейнесіне бағынды. Көрермендер де қуаныштарын жасыра алмады, түрленуге қатысты сахналарда мизансцена аяқталмай жатып залда шаттанған дауыстар мен қошемет естілді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рүстем Сейітбековтің орындауындағы Коппелиус қорқынышты емес, керісінше жетіспеген жылулықтың орнын толтыруды қалайтын әсершіл әрі арманшыл жан болып шықты. Оның күлкілі әрі мұңлы бейнесі балетке сан алуандылық үстеді.

Жарқын сценография мен жарыққа қатысты шешімдер көрермендерге ұсақ-түйек детальдерге дейін бақылауға мүмкіндік берді. Әсіресе шеберханадағы көрініс зор әсер қалдырды, жарық пен көлеңкенің таңғаларлық ойыны шындық пен қиял арасында шайылып кететін шекараларды жасады.

«Астана Опера» әртістерінің көзқарас пен ишарат арқылы көрермендермен тұрақты диалогта болғаны айрықша таңданыс туғызды. Спектакльден кейін ду қол шапалақ көпке дейін толастамай, әртістер көрермендердің алдында бірнеше рет бас иді.

– Труппаның шеберлігі өте жоғары. Кордебалет тамаша жұмыс атқарды: әдеттегі билер мен күрделі билер де керемет орындалды. Бишілер оларды өте жақсы атқарып шықты. Ал солистер тіпті ғажап. Балерина сондай кербез, әсем әрі нәзік, оның әртістік қабілеті зор. Серіктесі де тамаша, техникасы қандай керемет. Оның әуеде секіргені және мықты сахналық харизмасы ұмытылмас әсер қалдырды. Копеллиус – нағыз әртіс, сахналық мәдениеті мол жан екен, – деді балет тарихшысы, сыншы, өнертану кандидаты, А.Я.Ваганова атындағы Орыс балет академиясының және А.И.Герцен атындағы Ресей мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры Ольга Розанова. – Театрды осындай қызықты, қазіргі тілмен айтқанда бірегей спектакльмен құттықтағым келеді. Мұндай балет бізде бұрын-соңды болмаған. Иә, біз Мәскеуде Ролан Петидің түрлі қойылымдарын, атап айтсақ «Бозбала және Өлімді», «Париж Құдай анасының соборын», тіпті «Карменді» тамашаладық. Ал әзіл-ысқағы жарасқан, гротеск элементтері бар мұндай айрықша «Коппелияны» алғаш рет көріп тұрмын. Бұл шынайы авторлық еңбек, мұнда Ролан Петидің жарқын режиссерлік пайымдамасы бар. Қойылымның соңы ерекше әсерлі: Копеллиус сынған қуыршақпен жалғыз қалғанда оның кейпі сондай аянышты көрінеді, ол алданғанын түсінеді. Сөйтіп, көңілді спектакль терең адами нотаға айналады. Бұл күтпеген әрі мықты бетбұрыс болды.

Сөздің тура мағынасында айтқанда, осы спектакльдегі кордебалет ансамбль секілді өнер көрсетті. «Сарбаздар» да, «бикештер» де құдды бір жанданған, әсіреленген қуыршақтар секілді еді. Олардың күрделі билері түрлі техникаларға толы болды, оның ішінде тіземен еңбектеу және дене пластикасы да бар. Осы «жасандылық» жағдайында басты кейіпкерлер ерекше бейнелі көрінді. Олар адал болуға, күресуге, таңдауға, шынайы махаббаттан артық ештеңе жоқ екенін түсінуге дайын.

Біздің петерборлық қайраткеріміз, Мариинский театрының прима-балеринасы, көп жыл қазақстандық труппаны басқарып келе жатқан Алтынай Абдуахимқызы Асылмұратованы айрықша атап өткім келеді. Оның арқасында труппа өзінің бірегей жолымен жүріп, төл репертуарды қалыптастыруда және орындаушылық деңгейді шынымен жоғары дәрежеге көтеруде. Осы қойылыммен жұмыс істеген барлық тәлімгерлерді де шын жүректен құттықтаймын. Зор табысы мен жарқын жетістігі театрға құтты болсын деймін! – деп қорытындылады профессор Ольга Розанова.

– Dance Open фестиваліне алғаш рет келуім емес. Бүгін «Астана Опера» труппасының Александринский театрының сахнасында өткен өнер көрсетуін тамашалау мүмкіндігіне ие болдым. Бұл ғажап орындау стильдің шебер сезінілуімен тәнті етті. Осы спектакльді орындау кез келген труппаға сеніп тапсырыла бермейтінін, ол үшін әртістердің белгілі бір шеберлік деңгейлері болуы керектігін және бұл шеберлік «Астана Операда» барын атап өтуім қажет. Шұғыла Әдепхан жеңілдік, сахна шынайылығы мен мінсіз техниканың сирек үйлесімділігін паш етті, ол – нағыз әртіс. Ал Франц музыканы сезінуімен, сызықтардың бірқалыптылығымен және осы рөлге қажетті табиғи харизмасымен баурап алды. Тағы айрықша назарымды аудартқан бейне Коппелиус болды. Орындаушы ішкі драманы жеткізе білді, дегенмен ол өз кейіпкерін комизмнен айырған жоқ, сондай-ақ ол кісілік қасиеттерді де паш етті. Бұл нәзік психологиялық нюанстарға құрылған керемет жұмыс болды, – деп атап өтті спектакльден кейін көрермен Елена Верховых.

Онымен өмірлік серігі Игорь Логвиненко да келісті. – «Астана Опера» труппасы ауызбіршілік пен сахнадағы үйлесімділіктің жоғары деңгейін көрсетті. Әрбір мизансценалық қимыл, әрбір көпшілік көрініс ешбір қатесіз және сонымен бірге шынайы орындалды, бұл Р.Пети хореографиясында ерекше маңызды. Бұл жерде тәлімгер ұстаздардың тамаша жұмысын атап өту қажет. Балет труппасы өте жақсы формада деп ойлаймын, осы үшін оның көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратоваға алғыс айтамын. Ұжым өз елінің мәдениеті мен өнерінің жоғары даму деңгейін кезекті мәрте дәлелдегеніне сенімдімін, – деп қорытындылады әңгімелесуші.

Балет шыңдарына үйренген петерборлық көрермендер әртістерді ыстық ықыласпен қарсы алғанын атап өтуіміз қажет. Ду қол шапалақ пен «Бәрекелді» деген дауыстар «Коппелияның» жарқын интерпретациясында әртістердің жүрегі мен шеберлігі бір ырғақта соққанының керемет дәлелі болды. Санкт-Петербор осы ырғақты тыңдап, оған ғашық болған секілді!