Жас көшбасшылар ESG шешімдерімен бөлісуде
Қазақстанда орташа ауа температурасы 10 жыл сайын 1,3 градусқа көтеріліп отыр. Мұндай статистикамен Nazarbayev University-де (NU) өтіп жатқан климаттың өзгеруі бойынша жергілікті жастар конференциясы – LCOY Kazakhstan-2024 кезінде Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілі бөлісті. Жыл сайынғы конференцияда Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жас көшбасшылар, студенттер, зерттеушілер мен сарапшылар климаттың өзгеруі және тұрақты даму саласындағы мәселелерді шешуге қатысты пікірлерімен бөлісті.
NU Қазақстандағы SDSN – БҰҰ Тұрақты даму шешімдері желісінің ұлттық кеңсесі ретінде 25 қазақстандық университет пен ғылыми-зерттеу институттарын біріктіреді. NU провосты Илесанми Адесида өз сөзінде NU тұрақты даму мен климаттың өзгеруімен күрес қағидаттарын ұстанатынын айтып өтті.
“Климаттың өзгеруімен күресте білім мен инновацияның маңызы зор. Біз қоршаған ортаны қорғау мәселелерін шешуге қажетті дағдылары мен білімі бар көшбасшыларды дайындауды мақсат етіп отырмыз. Студенттеріміз бен зерттеушілеріміз новаторлар ретінде жаңа идеаларды дүниеге әкеліп, табандылығы мен шығармашылық дағдыларының арқасында басқаларына үлгі болуда”, — деді Провост.
Біздің еліміз – климаттың жылыуының салдарынан тез оңала алмайтын елдер қатарында. Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілі доктор Рашед Мұстафа Сарвардың айтуынша, республикада 6 млн-нан астам бала климаттың өзгеруі мен оның салдары, атап айтқанда, табиғи апаттар, денсаулықтың нашарлауы, су тасқыны және оқудағы үзілістер кесірінен зардап шегіде. Оның сөзінше, климаттың өзгеруіне қарсы жергілікті деңгейдегі салынған күш-жігер жаһандық мәселелерді шешуге айтарлықтай үлес қосады.
«Климаттың өзгеруі бойынша ЮНИСЕФ үкімет пен жастарды, академиялық ортаны, даму бойынша серіктестеріміз бен қауымдастықтарды қолдауға ұмтылады. Біз жастардың осы бағытта белсендірек болуына жол ашқымыз келеді. Индустрияға дейінгі дәуірден бері жаһандық температура Цельсий бойынша шамамен 1,1 градусқа көтерілді. Ал 2030 жылға қарай ол тағы 1,5 градусқа көтерілмек. Бірқатар аймақта температура 35 градустан асатын күндер қатары көбейгенін байқап отырмыз», — дейді доктор Рашед Мұстафа Сарвар.
Сонымен қатар конференция бағдарламасы бойынша климаттың өзгеруінің өзекті аспектілерін қозғайтын сессиялар мен пікірталастар өткізіліп, Қазақстан үшін соңғы кездері аса өзекті Орталық Азиядағы су қауіпсіздігі мәселесін талқыланды. Нәтижесінде биылғы қараша айында Әзербайжанның Баку қаласында өтетін БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі 28-ші конференциясында (COP 29) жастар бірлескен мәлімдеме жасайды.
«Жастарды, әсіресе біздің университеттің студенттерін, ең алдымен, елде жиналып қалған және қайта өңделмейтін пластик, ресурстарды ұтымсыз басқару және Қазақстанның биологиялық алуан түрлілігін сақтау сынды мәселелер толғандырады. Біздің міндетіміз – табиғатты және оның байлығын бізден кейінгі ұрпақ үшін сақтап қалу», — дейді Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенті Мадина Әсетқызы, қайта пайдалануға болатын сөмке мен аяқ киім сыртынан киетін бахила жасайтын Ecostep әлеуметтік жобасының негізін қалаушы.
Конференцияның маңызды бөлігі климаттық келіссөздердегі жастардың рөліне, атап айтқанда, жас көшбасшылардың климаттық бастамаларды дайындауға қалай үлес қоса алатынына арналған сессиялардан тұрды. Белсенділер тұрақты және әділ болашақты қамтамасыз ету үшін жастарды климаттық саясатты әзірлеуге ертерек тартудың маңызын атап өтті.
LCOY Kazakhstan-2024 конференциясын NU Тұрақты даму кеңсесі, SDSN Youth Kazakhstan, UCAP, «Камеда» қоғамдық қоры ЮНИСЕФ, GIZ және FES қолдауымен ұйымдастырып отыр.