«Жасыл ел» бағдарламасының жиырмасыншы маусымы басталады
«Жасыл ел» бағдарламасы 2005 жылдан бері жүзеге асып келеді. Биыл бұл жобаның жиырмасыншы маусымы басталады. Жоба жасөспірімдер мен жастар арасында қоршаған ортаны қорғау, еңбекке баулуды, табиғатты аялауға шақыруды көздейді. Өткен жылғыдай биылда 4 200 жасты жұмыспен қамту жоспарланып отыр.
Бағдарламаға 14 пен 35 жас аралығындағы мектеп оқушылары, студенттер және жұмыссыз жастар қатыса алады. Жоба қатысушылары 64 мың шамасында еңбекақы және арнайы «Жасыл ел» формасымен қамтамасыз етіледі. Мектеп оқушылары жобаға қатысу үшін оқу орнындағы әлеуметтік қызметкерге жүгінуі тиіс. ҚР Еңбек кодексіне сәйкес, 14 пен 17 жас аралығындағы жастар кәмелеттік жасқа толмағандықтан, денсаулығына зиян тигізбейтін, күніне 4 сағат ауыр емес жұмысқа жұмылдырылады. Оқушылар саябақтар мен өз мектептерінің ауласын көгалдандыру, мектепке қарасты аймақтарды тазалау жұмыстарын атқарады.
Студенттер мен жұмыссыз жастар үшін өтінімдер қабылдау 31 мамыр күні басталады. Мекенжайы: Б.Соқпақбаев көшесі, 14/4 ВП 13. Жұмыссыз жастар құрылыс компанияларына жұмысқа орналасса, жұмыс орыннан жалақы төленеді. Сонымен бірге «Жасыл ел» жобасы аясында қосымша 65 мың теңге көлемінде сыйақы тағайындалады. Жұмыс уақыты – 8 сағат.
Қосымша ақпарат бойынша: @elorda_jastary инстаграм парақшасына хабарлама қалдыруға болады.