Жазғы дала жұмыстары қарқынды жүргізілуде

Көктемгі егіс науқаны аяқталса да жерден ырзық-несібесін тапқан шаруалар дала жұмыстарын жалғастыруда.

Жақсы өнім алу үшін дәнді жерге сіңіру жеткіліксіз. Диқандар қазір техникаларын пайдаланып, жерді минералды тыңайтқыштармен өңдеуде. Аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Айгүл Абдраимованың сөзінше, өңірде барлығы 38 258 гектар жердегі жаздық дәнді дақылды себу жұмыстары толық аяқталған. Оның ішінде арпа, жаздық бидай, жүгері, тары, сұлы бар.

Қант қызылшасын 3800 гектарға себу көзделсе, жоспар асыра орындалып, 3932 гектарды құраған. Сондай-ақ, қытай бұршағы, зығыр, күнбағыс, мақсары сияқты майлы дақылдар тұқымын себу жұмыстары да талапқа сай іске асқан. Сарқандықтар жаз бойы 662,5 гектарға көкөніс түрлерін өсіріп, 119 гектардағы бақша дақылдарын күтіп-баптайтын болады. Екінші нан саналатын картоп 290 гектарға отырғызылған.

Қазіргі кезде Сарқан қаласында жазғы дала жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Шаруалар қысқы мал азығын дайындау үшін егістік алқаптарында шөп шауып, тынымсыз еңбек етуде. Балтамырды арамшөптен тазарту маусымы да саладағы жұмыс қарқынын күшейте түскен.

«AFM Company» шаруа қожалығының басшысы Фархат Абдрахимовтың айтуынша, биыл мал азығының шығымы көңіл қуантады. Десе де соңғы күндері ауа райының күрт ысуы шаруаларды жұмысты жеделдетуге мәжбүр еткен. Аталған шаруашылық биылғы егіс алқаптарына қытай бұршағы мен қант қызылшасын еккен. Қазіргі таңда арамшөпке қарсы улау жұмыстары басталып, арнайы техника көмегімен қытай бұршағына дәрі себілуде.

Алайда қолданыстағы дәрі себу аппараты қант қызылшасына сәйкес келмейтіндіктен шаруашылық бұл бағыттағы істі дрон арқылы жүзеге асырмақ. Жазғы дала жұмыстарының қарқынды атқарылуы – өңірдегі ауылшаруашылығы әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Жақсылық ИГІМАН
Жетісу облысы