Жазғы кеште виолончель музыкасы әуелейді

22 маусымда «Опералия» халықаралық фестивалі аясында «Астана Опера» театрының К.Байсейітова атындағы Камералық залы сахнасында Vivat Cello! концерті өтеді. Осынау кеште елордалық көрермендердің алдында дарынды қазақстандық музыканттар – виолончелист Салауат Кәрібаев пен пианист Әлияр Өтетілеу өнер көрсетеді. Елорда тұрғындары мен қонақтары аспапшылардың шебер ойынына куә болып қана қоймайды, сонымен қатар тембрі бойынша адамның даусына ұқсайтын виолончельдің қоңыр үнімен рақаттана алады.
Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясының солисі Салауат Кәрібаев үшін бұл елордадағы, оның ішінде «Астана Операдағы» алғашқы өнер көрсету болатынын атап өтуіміз керек. Танымал виолончелист осыған дейін еліміздің және шетелдің түрлі концерттік алаңдарында көрермендерің сүйіспеншілігіне ие болған. Оның кәсіби қоржынында шақырылған әртіс ретінде Цюрих симфониялық оркестрі, Бейжің симфониялық оркестрі, Латвия симфониялық оркестрі және Үндістан симфониялық оркестрі сынды атақты ұжымдармен бірлескен өнер көрсетулер бар. Музыкант Швейцария, Армения, Украина мен Қазақстанда өткен халықаралық байқауларда үнемі Бас жүлде мен Бірінші сыйлықтарды иеленіп, әрдайым өзінің ерекше музыкалық дарынын дәлелдеп келеді.
Салауат Кәрібаев «Астана Опера» дирекциясынан «Опералия» фестиваліне қатысуға шақыру алғанда қатты қуанғанын жасырмады.
– «Опералия» фестиваліне қатысудың мен үшін маңызы зор. Осы айтулы оқиғаның нәтижесінде алғаш рет астаналық көрермендердің алдына шықпақпын. Елімізде осындай фестивальдер көп болсын, классиканы ұнататын көрермендер мен тыңдармандардың қатары толыға берсін деп тілеймін. Жалпы, қазір әлемде виолончель музыкасына деген сұраныс артып келе жатқаны қуантады. Виолончельдің тембрі тыңдармандарға қатты ұнайды, бұл аспаптың үнін адамның дауысымен жиі салыстырып жатады, себебі оның диапазоны кең. Скрипка мен фортепианоға арнап жазылған туындылармен салыстырғанда, виолончельге арналған туындылар ондай көп емес, бірақ қазіргі таңда олардың қатары ұлғайып келеді. Виолончель репертуарының кеңеюіне, осы аспапты насихаттауға виолончелист Мстислав Ростропович үлкен үлес қосқан, – дейді Салауат Кәрібаев.
Ол концерт бағдарламасын құрастыру кезінде виолончель музыкасының түрлі жанрын қамтуға тырысқанын айтты. Осылайша, бағдарламаға классикалық туындылар, авангард және XX ғасырдағы шетел музыкасы мен қазақ күйі де енді. Керемет кеште тыңдармандарға Франц Шуберттің Арпеджионе мен фортепианоға арналған сонатасы, ля минор, Макс Брухтың Виолончель мен оркестрге арналған «Kol Nidrei» пьесасы, Никколо Паганинидің Джоаккино Россинидің «Мысырдағы Моисей» операсының тақырыбына вариациялары, Кшиштоф Пендерецкийдің Соло виолончельге арналған «Violoncello Totale» шығармасы, Золтан Кодайдың Соло виолончельге арналған сонатасы ұсынылады. Ал Ернұр Мазанбековтың виолончель мен фортепианоға ыңғайлауындағы Құрманғазы Сағырбайұлының «Төремұрат» күйінің орындалуы бағдарламаның ең жарқын сәттерінің бірі болмақ.
Салауат Кәрібаев қазақстандық пианист Әлияр Өтетілеуді Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыкалық орта мектеп-интернатында бірге оқып жүрген кезінен бастап танитынын атап өтті. Сондай-ақ ол екеуі былтыр Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясында концерт бергенін еске салды.
– Әлияр Өтетілеу – классика мен эстраданы қатар алып жүрген керемет шебер музыкант. Маған онымен бірге өнер көрсеткен ыңғайлы, біз бір-бірімізді айтқызбай түсінеміз. Екеуіміз тек музыкант ретінде ғана емес, дос ретінде де сыйласпыз. Біздің ансамбліміз көрермендерге ұнайды деген ойдамын, – деп пікірін қосты виолончелист.
Осыған дейін «Астана Операда» түрлі концерттік бағдарламалар аясында өнер көрсеткен Әлияр Өтетілеу де өз кезегінде әріптесі Салауат Кәрібаевтің еліміздің ең дарынды виолончелистерінің бірі екенін және оның орындаушылық шеберлігі өте жоғары екенін атап өтті. Сондай-ақ екеуі бірге алдағы концертке асқан жауапкершілікпен дайындалып жатқандарын айтты.
– «Опералия» – еліміздегі опера әншілерінің және басқа да өнер саласы өкілдерінің ең танымал фестивальдерінің бірі саналса, ал «Астана Опера» – Қазақстанның әлемдік деңгейдегі ең беделді сахналарының бірі. Сондықтан фестиваль бағдарламасына ену әрі елордалық театр сахнасында өнер көрсету әрбір музыкант үшін үлкен мәртебе және биік дәреже деп білемін. Осы ретте фестивальдің барлық қатысушыларына сәттілік пен шалқар шабыт тілеймін. Біз талғампаз көрермендердің көңілінен шығу үшін бар күшімізді саламыз, – деп пікірімен бөлісті пианист.
Сондай-ақ Әлияр Өтетілеу қазақстандық белгілі «Mezzo» вокалдық ансамблінің музыкалық продюсері болып табылатынын айта кетуіміз керек. Ол өзін шебер орындаушы әрі беделді музыкалық жобалардың қатысушы ретінде танытты. Оның ауқымды репертуарында әлемдік классикадан бастап заманауи өңдеулердегі қазақ халық музыкасына дейін бар.
Еске сала кетейік, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен бір айдан астам уақыт бұрын басталған «Опералия» аясында «Астана Опера» Италия, Ресей мен Қазақстаннан солистер мен ұжымдарды қарсы алды. Виолончель музыкасының кешін ұсынатын қазақстандық музыканттардың есімдері де фестиваль жылнамасынан лайықты орын алады.