Жетісу облысы соттарында сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтарға 124 млн теңге айыппұл салынды

Жетісу облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық соттардың 2024 жылғы сот төрелігін жүзеге асыру қорытындыларына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Іс-шараға қылмыстық және азаматтық істер жөніндегі сот алқаларының судьялары қатысты.
2024 жылы Жетісу облысы соттарымен 142 млн көлемінде айыппұл салынған, оның ішінде 124 млн сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтар бойынша салынған. Бұл салынған айыппұлдардың 87 пайызын алып тұр.
Өткен жылы облыс соттарына 1 191 қылмыстық іс түскен. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 17%-ға артық. Жалпы 880 адам сотталып, олардың 276-сы бас бостандығынан айырылды.
Ал әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 9 459 әкімшілік іс түсті. Оның ішінде 8 700 іс мәні бойынша қаралып, 1 595 іс тоқтатылды. Барлығы 5 105 адамға әкімшілік жаза қолданылды. Сондай-ақ, жол қозғалысы ережелерінің бұзылуына байланысты 140 Еурохаттама толтырылды.
Өткен жылы азаматтық істердің саны артты. Барлығы 19 365 талап арыз және 832 іс тіркелген. Аяқталған істер саны 15 783-ке жетіп, оның ішінде 9 598 іс шешім шығарумен аяқталды.
Өткен жылы соттарға әкімшілік талап та келіп түсті. Ең жиі кездескен даулар тұрғын үй және жер мәселелері бойынша болды.
Бұл көрсеткіштер өңірдегі сот жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыру жолындағы жүйелі жұмысты көрсетеді.