Жетісу облысында 117 мыңнан астам тұрғын МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған

Жетісу облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне тарту жұмыстары жалғасуда. Қор филиалының ресми мәліметіне сәйкес, өңірде тіркелген 656 мың тұрғынның 82,1%-ы ғана сақтандырылған мәртебесіне ие. Ал 117 555 адамның (17,9%) бұл мәртебесі жоқ.

Мәселені шешу мақсатында облыс әкімінің орынбасары төрағалық ететін өңірлік штаб белсенді жұмыс жүргізуде. Штабтың бастамасымен соңғы айларда 25 мыңнан астам азамат сақтандырылғандар қатарына қосылды.

2025 жылдың алғашқы бес айында облыс тұрғындары МӘМС аясында 15 млрд теңгеге медициналық қызмет алған. Бұл ретте жарналар мен аударымдар көлемі небәрі 7,8 млрд теңгені құраған. Яғни көрсетілген қызмет шығындары түсімдерден едәуір көп.

Сонымен қатар, жыл басынан бері жоғары технологиялық 171 ота жасалып, оған 800 млн теңге бөлінді. Оның ішінде, тек кардиологиялық орталықта 116 ота жасалған. Бір операцияның құны 3 млн теңгеден 9 млн теңгеге дейін жетеді.

Қор тарапынан медициналық ұйымдарға төлем жасамас бұрын қызмет сапасына тексеру жүргізіледі. Биыл 11 852 заңбұзушылық анықталып, 152 млн теңге көлемінде айыппұл шаралары қолданылды.

Тұрғындар тарапынан түскен негізгі шағымдар – ұзақ күту, медициналық көмектің сапасы және дәрі-дәрмектердің кешігуі. Қор пациенттердің құқықтарын қорғау жұмысын жалғастыруда.