Жетісу облысында 135 шақырым жол жөнделіп, 5 көпір қалпына келтірілуде

Жетісу облысында 2025 жылға дейін өңірдегі жол инфрақұрылымын дамытуға 23,5 миллиард теңге бөлініп отыр. Бұл қаражат республикалық және жергілікті бюджеттерден қарастырылған.
Биыл облыстық маңызы бар 135,6 шақырым жол жөнделеді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Балқаш көліне апаратын жолдар жаңартылып жатыр. Атап айтсақ, «Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай» бағытының 75 шақырымында жұмыс жүргізілуде, ал Лепсіден Балқашқа дейінгі 27 шақырым жол толық аяқталып, пайдалануға берілді.
Апатты 15 көпірдің 5-еуінде жөндеу басталды, соның төртеуі қазірдің өзінде қолданысқа берілді. Қалған 10 көпірдің жобалық-сметалық құжаттары дайын.
Туризмді дамыту мақсатында «Бұрхан бұлақ» сарқырамасына апаратын жолды жаңарту жобасы да басталды..
Жолдардың сапасын арттыру үшін арнайы бақылау жүйесі енгізіліп, 5 сатылы қадағалау жүргізіледі. Жөндеу сапасын Жол активтері сапа орталығы мен техникалық бақылау ұйымдары бірлесіп тексеруде.
Бұдан бөлек, жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында жол белгілері мен металл тосқауылдар орнатылып, жаяу жүргінші жолақтары мен жол белгілері жаңартылуда. Бүгінде 55 мың шаршы метрге жуық жол жөндеу жұмыстары орындалды.
Облыс жолдарының жағдайын бақылау үшін автоматтандырылған өлшеу станциялары орнатылып жатыр, ал 2024 жылдан бастап жолдарды цифрландыру жұмысы басталды.
Жетісу жолдарына қатысты барлық жұмыс тұрақты бақылауда және кезең-кезеңімен жалғасуда.