Жетісу облысында 8 су қоймасын салу жоспарлануда

Жетісу облысының табиғи-географиялық ерекшеліктерін ескере отырып, су тасқыны кезеңі екі кезеңмен өтеді: біріншісі (ақпан айының соңынан сәуір айының басына дейін) – қардың еруіне, ал екінші (сәуір айының соңынан маусымға дейін) – мұздықтардың еруіне байланысты.

Биыл су тасқынының бірінші толқыны 7-11 наурыз аралығында байқалып, бұл кезеңде жазық және тау етегіндегі аумақтарда қар қарқынды еріді. Уақытылы қабылданған шаралардың арқасында су тасқыны жағдайына жол берілмеді.

Су тасқынына дайындық шеңберінде 34 алдын алу іс-шарасы жүзеге асырылды, оның ішінде жағалауларды бекіту және арналарды тазарту жұмыстары бар. Бүгінде облыс өзендері ашық, су деңгейі қалыпты, мұз кептелістері тіркелмеген. Су қоймаларының орташа толуы – 63%.

Гидрологиялық жағдай 57 гидробекет арқылы бақыланып отыр, гидротехникалық құрылыстар иелерімен күнделікті деректер алмасу жүргізілуде. Облыстық төтенше жағдайлар комиссиясының отырыстары өткізіліп, әрекет ету жоспарлары бекітілді. Жағдай күрделенген жағдайда қолдану үшін инертті материалдар, эвакуациялық орындар, техника және жеке құрам алдын ала дайындалды.

Қауіпті аймақта орналасқан 47 елді мекеннің 44-інде су басу қаупі жойылды, қалған үш елді мекенде жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Жағдай тұрақты бақылауда.
Сонымен қатар, өңірде Панфилов ауданында 3 су қоймасын (Өсек, Тышқан және Қорғас), Алакөл ауданында Жаманты, Ескелді ауданында Балықты, Көксу ауданында Быжы су қоймаларын салу, сондай-ақ, жекеменшік кәсіпкерлік негізіндегі Окатиловка су қоймасын іске асыру жоспарлануда.

2025 жылғы су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында іс-шаралар жоспары бекітіліп, арнайы комиссия құрылды. Наурыз айынан бастап тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, су өткізу аймақтары мен пайдалану жолдары тазартылды. Ақпан айында филиал мамандары, ТЖД және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен су шаруашылығы нысандары мен өзен арналарының техникалық жағдайына тексеру жүргізілді.

Қазіргі уақытта 37 арнайы техника, 42 автокөлік дайындалды, шамамен 800 тонна инертті материал мен 16 тонна жанар-жағармай қоры жинақталды. Су қоймаларында су толтыру және жіберу тәртібі белгіленген, күнделікті мониторинг жүргізіліп, деректер орталық аппаратқа, Төтенше жағдайлар қызметіне және БАБИ-ге жолдануда.