Жетісу облысында балалардың терезеден құлауын алдын алу жұмыстары күшейтілуде

Балалардың ата-аналарының қарауынсыз қалуында көпқабатты тұрғын үйлердің терезелерінен, балкондарынан құлап кету жағдайлары көбеюде. Бұл туралы Жетісу облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында Балалар қауіпсіздігі немесе «Терезе» жедел профилактикалық іс-шарасы жөнінде баспасөз мәслихаты өтті.
Өткен жылы Жетісу облысында балалардың терезеден құлауына байланысты 6 оқиға тіркелді. Абырой болғанда, олардың ешқайсысы қайғылы аяқталмады. Зардап шеккен балалар медициналық мекемелерге жеткізіліп, қажетті көмек алды. Ал биыл жыл басынан бір жағдай тіркелді. Атап өтсек, 2025 жылдың 12 ақпанында Талдықорғанда жекеменшік үйдің терезесінің жанында ойнап жүрген бала құлап кетіп, ауруханаға жатқызылды.
Балалардың тұрмыстағы қауіпсіздігіне, соның ішінде терезеден құлаудың алдын алуға ерекше көңіл бөлінуде. Полиция департаментінің өкілінің айтуынша, ең үлкен қауіп 2-ден 7 жасқа дейінгі балаларға төнеді. Өйткені олар қауіп-қатерді толық сезіне алмайды. Олардың қауіпсіздігіне ата-аналар мен заңды өкілдер жауапты дейді.
Бүгінде жүйелі түрде түсіндіру жұмыстары жалғастырылуда. Тұрғындармен кездесулер, ата-аналар жиналыстарында сөз сөйлеу, чаттар арқылы ақпараттық материалдарды тарату ұйымдастырылған. Көрнекі материалдар мен бейнероликтер балаларды үнемі бақылап отырудың маңыздылығын жеткізуге көмектеседі.
Өңірде орналасқан білім беру ұйымдарының 100%-ы бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған. Барлығы 19 мыңнан астам камера орнатылды, оның 18 214-і – цифрлық. Барлық камералар Жедел басқару орталықтарына толықтай интеграцияланып, тиісті актілер жасалды.
Сондай-ақ, барлық оқу орындарында полицияның кезекші бөлімдеріне қосылған дабыл түймелері орнатылған.
Терроризмге қарсы қорғаныс мақсатында 296 мекемеде 518 турникет пен домофон қойылған. Бұдан бөлек, 209 ұйым арнайы күзетпен қамтамасыз етілген. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары бұдан әрі жалғасатын болады.