Жетісу облысында балық аулауға уақытша тыйым салынады

Жетісу облысында көктемгі уылдырық шашу кезеңіне байланысты балық аулауға уақытша тыйым салу тәртібі мен мерзімдері туралы баспасөз мәслихаты өтті. Шара барысында Балқаш-Алакөл бассейніндегі су айдындарында балық ресурстарын сақтау бойынша қабылданған шаралар туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Балық ресурстарының табиғи көбеюіне қолайлы жағдай жасау мақсатында жыл сайын көктем мезгілінде уылдырық шашу кезеңінде балық аулауға тыйым салынады.
2025 жылы келесі мерзімдерде балық аулауға тыйым салынады:
• Іле өзенінің жоғарғы ағысында (Шарын өзенінің сағасынан ҚХР шекарасына дейін) – 25 наурыздан 5 шілдеге дейін.
• Қаратал, Ақсу, Лепсі, Аягөз өзендері мен Балқаш көліне құятын басқа да өзендерде – 15 сәуірден 1 маусымға дейін.
• Балқаш көлінің өзінде – 25 сәуірден 10 маусымға дейін.
• Алакөл, Сасықкөл, Қошқаркөл көлдері және олармен байланысты өзендер мен шығанақтарда – 25 сәуірден 16 маусымға дейін.
Заңға сәйкес, табиғи-климаттық жағдайларға байланысты аталған мерзімдер 15 күнге дейін өзгертілуі мүмкін. Осыған орай, ғылыми ұйымдардың ұсыныстары негізінде бірқатар су айдындарында тыйым салу мерзімі 10-15 күнге ауыстырылды.
Сонымен қатар, инспекцияның үйлестіруімен жыл сайын өткізілетін «Таза су айдындары» экологиялық акциясы аясында балық аулауға тыйым салынған құралдарды жою және жағалауларды қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізілуде. Биылғы акция 29 наурызда басталып, оған 200-ден астам адам, 70 су көлігі және 30 автокөлік жұмылдырылды. Нәтижесінде 23 шақырымнан астам заңсыз құрылған ау құралдары алынып, жойылды.
25 сәуірде Сарқан ауданында, Балқаш көлі жағалауында кезекті экологиялық акция өткізу жоспарлануда.
Сонымен қатар, Полиция департаменті өкілінің айтуынша, облыста көктемгі уылдырық шашу кезеңінде балық ресурстарын қорғау мақсатында «Нерест-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде.
Аталған шара ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылып отыр.
Оның негізгі мақсаты – браконьерлікке жол бермеу, экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу және балық ресурстарының табиғи көбеюіне жағдай жасау.
Атап өтейік, жыл басынан бері өңірде балық аулау қағидаларын бұзудың 33 дерегі тіркелді. Оның 7-і бойынша қылмыстық іс қозғалыпды. Жалпы сомасы 800 мың теңгеден астам айыппұл салынып, төрт тонна балық тәркіленді.