Жетісу облысында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және олардың санын азайту, жол қозғалысына қатысушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында 19 сәуір мен 19 мамыр аралығында Жетісу облысының аумағында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Аталған іс-шара аясында бірнеше бағыт қамтылды:
• жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын анықтау;
• жүргізушілер мен жолаушылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
• өрескел құқық бұзушылықтардың алдын алу (жылдамдықты арттыру, мас күйінде көлік жүргізу, жаяу жүргіншілерге жол бермеу, қауіпсіздік белдігін тақпау және т.б.).
«Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталғаннан бері 4058 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді.
Оның ішінде:
• ҚР ӘҚБтК 591-бабы бойынша (көлік жүргізу кезінде телефон немесе радиостанция пайдалану) – 261 жағдай;
• ҚР ӘҚБтК 592-бабы бойынша (маневр жасау ережелерін бұзу) – 274 жағдай;
• ҚР ӘҚБтК 608-бабы бойынша (мас күйінде көлік жүргізу немесе мас адамға көлікті басқаруға беру) – 28 жағдай.
Құқық бұзушылықтарды анықтауда заманауи техникалар да қолданылады. Атап айтқанда, «ДРОН» аппараттары көмегімен 62 бұзушылық анықталды. Сонымен қатар, жылдамдықты бақылау үшін облыстық маңызы бар жолдарға 15 «VIDAR SPEED-R» автоматты бекіту жүйелері орнатылып, 13 қызметтік автокөлікке «Ekin Patrol» автоматты жылдамдық өлшегіштері орнатылған.
Патрульдік бекеттік қызметтердің жұмыс кестесі де күшейтілді – олар сағат 08:00-ден 00:00-ге дейінгі аралықта қызмет атқарады.
Іс-шара аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да белсенді жүргізілуде. Халықпен кездесулер өтіп, мектептерде арнайы сынып сағаттары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, 138 мектепте жол қозғалысы жас инспекторларының конкурсы өткізілді. Оқушылардың қатысуымен «Біз – балалар, қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға қарсы! Біз – балалар, Заң мен тәртіп үшін!» атты акция ұйымдастырылды.