Жетісу облысында кедендік бақылау күшейтілуде: 5 айда 91 тексеру жүргізілді

Ағымдағы жылдың бес айында Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті тарапынан 91 кедендік тексеру жүргізілді. Оның ішінде камералдық, құжаттық және көшпелі тексерулер бар.
Кедендік тексеру – бұл тауарлар шығарылғаннан кейін жүргізілетін кедендік бақылаудың бір түрі. Ол Кеден кодексінде көзделген өзге де бақылау нысандары мен шараларын пайдалана отырып, Еуразиялық экономикалық одақ пен Қазақстан Республикасының заңнамасын сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың қаншалықты сақтайтынын бағалау мақсатында жүзеге асырылады.
Тексеруге Қазақстан Республикасында тіркелген немесе оның аумағында тұрақты тұратын заңды және жеке тұлғалар жатады. Олардың қатарында декларация жасаушылар, тасымалдаушылар, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар, тауарлар шығарылғаннан кейін оларды иеленетін тұлғалар, уәкілетті экономикалық операторлар, сондай-ақ тауарларды шекара арқылы тасымалдауға тікелей немесе жанама қатысы бар тұлғалар бар.
Сонымен қатар, ЕАЭО кеден шекарасы арқылы тауарларды заңсыз өткізу және өзге де заң бұзушылықтар бойынша ақпарат бар тұлғалар да тексеруге жатады.
Өткізілген іс-шаралардың қорытындысы бойынша бюджетке қосымша 1 миллиард 759 миллион теңге көлемінде кедендік төлемдер мен салықтар есептеліп, өндірілді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тексеру саны 10%-ға, қосымша есептелген сома 29%-ға, ал өндірілген төлемдер көлемі 4%-ға артты.
Бұл нәтижелер өңірдегі кедендік бақылаудың тиімділігінің артқанын және кедендік әкімшілендіру деңгейінің көтерілгенін көрсетеді.