Жетісу облысында «Мектепке жол» акциясымен 16 мыңнан астам бала қамтылады

1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде материалдық қолдау көрсету мақсатында дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы өткізіледі.
Акция шеңберінде облыстық басқармалар мен департаменттер тарапынан нақты көмек қажет ететін 138 баланың тізімі жинақталды. Сонымен қатар, аудан және қала деңгейлерінде биыл жалпы саны 16 мыңнан астам балаға материалдық көмек көрсету жоспарланып отыр. Өткен жылы да 16 500 балаға жалпы сомасы 468 млн теңге көлемінде көмек көрсетілген болатын.
Аудандық және қалалық әкімдіктер мен білім бөлімдері тарапынан акцияны ұйымдастыру және өткізу бойынша жергілікті іс-шаралар жоспарлары бекітіліп, көмекке мұқтаж балалардың тізімі жүйеленді.
Жетісу облысында әлеуметтік осал топтарға жататын 25 мың балаға киім-кешек пен кеңсе тауарларын сатып алу үшін 1 млрд 166 млн 286 мың теңге жергілікті бюджеттен бөлінді.
Бүгінде Ақсу, Көксу, Кербұлақ аудандарында қаражат толықтай аударылып, қажетті жұмыстар атқарылды. Қалған қала-аудандарда бұл жұмыс 15 тамызға дейін толық аяқталады деп жоспарлануда.