Жетісу облысында «Мерейлі отбасы» байқауына өтінім қабылдау жүріп жатыр
Жетісу облысында отбасы институтын нығайту және үлгілі отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатындағы ұлттық «Мерейлі отбасы» байқауының өңірлік кезеңі басталды. 2025 жылы байқауды өткізуге жергілікті бюджеттен 9 миллион теңге бөлінді. Жоба аясында түрлі тренингтер, семинарлар, спорттық эстафеталар мен Отбасы күніне арналған іс-шаралар жоспарланған.
Өтінім қабылдау 15 мамырда басталып, 15 маусымға дейін жалғасады. Қазіргі таңда 73 отбасы тіркелді. Байқау бірнеше кезеңнен тұрады: 15-30 маусым аралығында аудандық және қалалық комиссиялар әр аумақтан екі отбасын іріктейді. 1-15 шілде аралығында облыстық комиссия жеңімпаздарды анықтайды. Үздік үш отбасыға ақшалай сыйлықтар табысталады, тағы жеті отбасы ынталандыру сыйлығын иеленеді. Бас жүлде иесі Астана қаласындағы салтанатты марапаттау рәсіміне шақырылады.
Өтінімдер қағаз немесе электронды түрде жергілікті ішкі саясат бөлімдері арқылы қабылданады. Міндетті түрде толық құжаттар пакеті ұсынылуы тиіс: жеке куәліктер, куәліктер мен дипломдар, ұсыным хаттар және жетістіктерді растайтын құжаттар. Барлық көшірмелер нотариалды түрде немесе мекеме тарапынан расталуы қажет. Құжаттар толық болмаған жағдайда қайтарылады, түзету үшін үш күн беріледі. 15 маусымнан кейін келіп түскен өтінімдер қаралмайды.