Жетісу облысында су, жарық, жылу тарифтері мен желілер жаңғыртылуда

Screenshot
Жетісу облысында табиғи монополиялармен айналысатын мекемелердің жұмысы мен тариф мәселелері бойынша алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы шықты. Бұл бағыттағы жұмысты ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің өңірлік департаменті жүргізіп отыр.
Қазіргі таңда өңірде 44 мекеме табиғи монополия саласында жұмыс істейді. Олар су, жылу, жарық, газ және кірме жол қызметін көрсетеді.
Жарты жыл ішінде 60 тарифтік өтінім қаралып, оның ішінде 24 өтінім қабылданбай, кейбірі толықтырып қайта тапсырылуға жіберілді. Сонымен қатар, 3 ірі инвестициялық бағдарлама мақұлданды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен басталған «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында «Жетісу су құбыры» мен «ТАЭТК» АҚ-ның электр желілері жобалары қолдау тапты.
Атап айтсақ, «Жетісу су құбыры» мекемесі 40 млн теңге инвестиция алып, ескі су құбырларының тозуын 65%-дан 64%-ға дейін азайтады.
«ТАЭТК» АҚ электр энергиясын тасымалдау тарифін 1,99 теңгеге көтеріп, 13,64 теңге көлемінде бекітті. Бұл компания желілерді жаңартып, апаттық жағдайларды азайту үшін 1,8 млрд теңгеге жуық қаражат бөлмек.
Халықпен байланыс та күшейді, мәселен жыл басынан бері 64 өтініш түсіп, оның 40-ы қаралып, 17-сі бойынша нақты шешім қабылданды.
Бұған қоса, 44,5 млн теңге көлемінде өтемақы төленіп, кейбір азаматтарға жылу мен кірме жол қызметтерінен келген шығындар өтелді.
Екі тексеру жүргізіліп, заңбұзушылық анықталған 2 мекемеге айыппұл салынды. Жалпы сомасы – 9,4 млн теңге.
Қызмет көрсету саласында да алға жылжу бар: табиғи монополия субъектілерін тіркеу, қайта ұйымдастыру және таратумен байланысты 5 мемлекеттік қызмет көрсетілді.
Бұл жұмыс халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, инженерлік желілерді жаңартуға және қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған. Департамент болашақта да тарифтер мәселесінде халықпен ашық жұмыс істеуді жалғастыратынын хабарлады.