Жетісуда нашақорлыққа қарсы «Стикер бомбинг» облыстық акциясы өтті

Жетісу облысында жастардың қауіпсіздігі мен салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы кең ауқымды қоғамдық шара – нашақорлыққа қарсы «Стикер бомбинг» облыстық акциясы өтті. Акция қаланың ашық кеңістіктерінде жасырын түрде таралатын QR-кодтар, стикерлер және граффити түріндегі есірткі жарнамаларына тосқауыл қоюды мақсат етті.
Шараға волонтерлік қозғалыстар, колледж студенттері, белсенді жастар қатысты. Қатысушылар алдын ала белгіленген локацияларда заңсыз жарнамаларды анықтап, олардың орнына салауатты өмір салтын насихаттайтын ақпараттық стикерлерді орналастырды.
Акцияның басты мақсаты – жастарды құқықтық сауаттылыққа, қауіпсіз қоғамдық орта қалыптастыруға және есірткі қылмысына қарсы күресте белсенді азаматтық ұстаным көрсетуге шақыру болды. Сонымен қатар, шара барысында тұрғындардың назарын есірткінің алдын алу мәселелеріне аударып, зиянды жарнамалардың таралуына жол бермеу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Шара барысында сөз сөйлегендер:
Искакова Меруерт Сеитовна – Жетісу облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі;
Байжурынов Арнай Рақымберліұлы – «Jetisu jastary» КММ директордың орынбасары, Жетісу облысы ПД есірткі құқық бұзушылығының профилактикасы жөніндегі кеңес мүшесі;
Жарылқасынов Алпамыс Жанғалиұлы – қоғам белсендісі;
Мансұр Айдынұлы – «Pro vibe» студенттік клубының мүшесі;
Акция соңында «Таза қабырға – таза қала» атты символикалық флеш-моб ұйымдастырылып, барлық қатысушылар арнайы ақпараттық баннерге өз стикерлерін жапсырып, есірткіге қарсы ортақ ұстанымдарын білдірді. Бұл шара өңір жастарының әлеуметтік белсенділігін арттырып, қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында маңызды қадам болды.


