Жетісудағы «109 қызметі» бірыңғай байланыс орталығына жыл басынан 3 мыңнан аса өтінім келіп түсті

2025 жылы Zhetysu 109 мобильді қосымшасы ауқымды жаңғыртудан өтті. Негізгі жаңартулар қатарына – қызмет сапасын бағалау жүйесі, коммуналдық және жедел қызметтердің рейтингі, апаттық және жоспарлы жұмыстардың интерактивті картасы, өтінімдер мәртебесінің нақты көрінісі, SMS-хабарламалар модулі және тұрғындарға арналған жаңалықтардың мақсатты тарату механизмі енді. Бұл мүмкіндіктер өңір тұрғындарына өзекті әрі шынайы ақпаратты ыңғайлы форматта алуға мүмкіндік береді.

Жыл басынан бері «109 қызметі» бірыңғай байланыс орталығына 3 331 өтінім келіп түсті. Өтінімдердің шамамен 93%-ын Талдықорған қаласының тұрғындары жолдаған. Бұл халықтың цифрлық белсенділігі мен аталған сервиске деген сенім деңгейінің артқанын көрсетеді.

«Smart City» тұжырымдамасын іске асыру аясында «109 қызметі» бірыңғай байланыс орталығы жобасы Жетісу облысында 2022 жылдан бастап жұмыс істейді. Бұл – халық пен мемлекеттік органдар арасында коммуналдық және әлеуметтік сипаттағы мәселелер бойынша тәулік бойы тиімді байланыс орнататын заманауи платформа.

Байланыс орталығы бес негізгі арна бойынша қызмет көрсетеді: қысқа нөмір 109, https://zhetysu.komek109.kz/ submit ресми порталы, Zhetysu 109 мобильді қосымшасы, WhatsApp пен Telegram мессенджерлері, сондай-ақ Instagram-дағы ресми парақша. Мұндай көпарналы жүйе барлық жас және цифрлық сауаттылық деңгейіндегі тұрғындар үшін қызметтің барынша қолжетімді болуын қамтамасыз етеді.