Жетісулық кәсіпкерлер өз өнімдерін «Бір ауыл – бір өнім» көрмесінде таныстырды

Жетісу облыстық Кәсіпкерлер палатасында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында кезекті көрме өтті. Ауыл кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған бұл шараға облыстың түкпір-түкпірінен 36 қатысушы жиналды.

Көрмеде ұсынылған өнімдердің барлығы дерлік жергілікті шикізаттан дайындалған. Қонақтар мен дегустаторларға табиғи тағамдар, қолөнер бұйымдары, киім, әшекей және тұрмыстық заттар таныстырылды. Көрменің құрметті меймандары – облыс әкімінің орынбасары Асет Канагатов пен облыстық мәслихат төрайымы Гүлнар Тойлыбаева кәсіпкерлердің өнімдерімен жеке танысып, қолдау білдірді.

Кербұлақ ауданының тұрғыны Татьяна Юрчук көрмеде ең көп қызығушылық тудырған кәсіпкерлердің бірі болды. Ол бір жылдың ішінде үй жағдайында ірімшік дайындауды меңгеріп, бүгінде буррата, качотта, моцарелла, сулугуни секілді өнімдерді жасап сатады. Барлығы – өзінің туған ауылы Аралтөбеден алынған табиғи сүттен әзірленеді. Татьяна өнімдерімен алғаш рет көпшілік алдында шығып, көрме қонақтарының оң бағасын алды.

Облыс әкімінің орынбасары Асет Канагатов өз сөзінде ауыл кәсіпкерлігін қолдаудың маңыздылығына тоқталды. Ол «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы тарапынан гранттар мен төмен пайыздық несиелер тарту жұмыстары жалғасатынын айтты.

Кәсіпкерлер палатасының директоры Даурен Оналбаевтың мәліметінше, бүгінде жоба аясында: 13 кәсіпкерге 5 млн теңгеге дейін мемлекеттік грант берілген; 4 кәсіпкер «Бастау Бизнес» арқылы қолдау алған; 3 кәсіп иесі Coca-Cola Belesteri бағдарламасымен көмекке ие болған; 2 кәсіпкер жеңілдетілген несие алған («Ауыл Аманаты» бойынша).

Көрме соңында арнайы комиссия 10 үздік жобаны іріктеп алды. Бұл кәсіпкерлер енді өз өнімдерін Бренд-комитет алдында таныстырып, үлкен нарыққа шығуға мүмкіндік алады.

Үздік ондық тізімі: Айгүл Әділбек (шұжық өнімдері, Талдықорған), Елена Бричковская (емдік шөптерден өнім, Сарқан),Мәуейхан Құралбай (күміс бұйымдар, Үшарал), Бибігүл Мырзабекова (тәтті тағамдар, Жансүгіров), Райгүл Закария (сүт өнімдері, Сарқан), Зарина Әбузярова (бал, Лепсі), Наталья Кострицына (бал, Балпық би), Нина Тишкова (саңырауқұлақ өнімдері, Текелі), Татьяна Юрчук (ірімшіктер, Сарыөзек), Меруерт Нұржаханова (әшекей бұйымдар, Талдықорған).

«Бір ауыл – бір өнім» жобасы ауыл кәсіпкерлерінің талантын елге танытуға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Мұндай бастамалар арқылы жергілікті өнімдерге деген сұраныс артып, ауылдық жерлердің экономикалық белсенділігі жандана түсуде.