Жіті ішек жұқпасының алдын алу

Жаз айларының келуіне байланысты, жіті ішек жұқпаларымен сырқаттанушылық күрт жоғарылайды. Себебі, дәл осы кезде қоздырғыштардың сыртқы ортада сақталуына және олардың тағамда, суда өсіп-өнуіне қолайлы жағдай туындайды.
Жіті ішек жұқпасы – бұл адам сырқатының кең ауқымды тобы. Оған: дизентерия, сальмонеллез, энтеровирусты жұқпалар және т.б. жатады.
Қоздырғыш көзі – науқас адам немесе жіті ішек жұқпаларының тасымалдаушысы.
Берілу факторлары – тағам, су, тұрмыстық заттар, ойыншықтар, кейбір жұқпалардың таралуында жәндіктердің маңызы бар (шыбындар, тарақандар). Жіті ішек жұқпаларын жұқтыруға антисанитариялық жағдай, жеке бас гигиенасын сақтамау, дұрыс сақталмаған немесе санитариялық ережелердің бұзылуымен дайындалған тағамдарды пайдалану себеп.
Жетісу облысында 2025 жыл басынан жіті ішек жұқпаларының 267 жағдайы тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар – 179 (67%). 100 мың тұрғынға шаққандағы сырқаттанушылық көрсеткіші 40,62 және 92,78 құрады. Былтырғы жылмен салыстырғанда сырқаттанушылық 3,2 есе төмендеді.
Жіті ішек жұқпасының алдын алудағы 5 ереже:
1. Тазалықты сақтаңыз:
✓ Міндетті түрде дәретханадан кейін қолыңызды жуыңыз;
✓ Міндетті түрде тағам даярлау алдында қолыңызды жуыңыз;
✓ Ас үй жарақтарын және беткейлерді мұқият жуыңыз;
✓ Кеміргіштер мен жәндіктерге қарсы күрес жүргізіңіз.
2. Дайын және шикі азық-түлікті бөлек сақтаңыз:
✓ Шикі ет, құс және теңіз өнімдерін басқа дайын тағамдардан бөлек сақтаңыз;
✓ Шикі өнімдерді өндеуге жеке бөлшектеу тақтайшалары мен жеке пышақты пайдаланыңыз.
3. Тағамды мұқият пісіріңіз:
✓ Көжені қайта жылытқан кезде қайнатыңыз;
✓ Ет немесе құс етін пісіргенде дайындығын сөлінің мөлдір түсінен білуге болады.
4. Азық-түлікті тоңазытқышта сақтаңыз:
✓ Дайындалған тағамды бөлме температурасында 2 сағаттан артық қалдырмаңыз;
✓ Дайындалған және тез бұзылатын тағамдарды тоңазытқышта сақтаңыз;
✓ Асты тоңазытқышта болса да, ұзақ уақыт сақтамаңыз.
5. Сапалы азықты таңдаңыз:
✓ Бейберекет сауда орындарынан азық-түліктерді алмаңыз;
✓ Жарамды мерзімі аяқталған азық-түліктерді қолданбаңыз;
✓ Жеміс-жидектерді және көкөністерді мұқият жуыңыз;
✓ Ішуге қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдаланған жөн.
Осындай оңай кеңестерді ұстану, Сізді және жақындарынызды жіті ішек жұқпаларынан сақтап, денсаулығыңызды қорғайды!
Индира Кунбасова,
Жетісу облысы СЭБД басшысының орынбасары


