Жол құрылысын тексеру кезінде 226 ақау анықталды
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Абай облыстық филиалы бір жылда 1 мың шақырымнан астам жолды тексеруден өткізген.
Өңірде ұзындығы 6,8 мың шақырым жол бар. Биыл орташа жөндеуге 15,1 миллиард теңге қаржы бөлініп 241 шақырым жөнделген. Олардың сапасы жіті бақылауда болды.
Атап айтар болсақ 838,5 шақырым республикалық, облыстық және аудандық санаттағы 125 шақырым жол мен қала ішіндегі – 50 шақырым жол «Жол активтері сапасы ұлттық орталығы» облыстық филиалының тікелей тексеруінен өткен.
«Тексерулер кезінде 226 ақау анықталды, оның 77-сі жойылды. Салынған жолда торлы жарықтардың болуы, жолдың шөгуі кездесті. Сондай-ақ асфальт астарлаудың болмауы, битум құйылмай қалады. Жол жабындысы қабыршақтанып кетеді. Сондай кемшіліктерді барлығын тексеріп анықтап отырамыз. Ақау анықталған жағдайда ол жол қабылданбайды. Кемшілікті толық жою үшін мердігер компания ескерту беріледі», -дейді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Абай облыстық филиалының сынақ зертханасының меңгерушісі Айбек Тұрғанов.
Биыл күзде «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» облыстық филиалының сынақ зертханасы іске кіріскен. Содан бері 1645 сынама сынақтан өткізілген. Оның ішінде инертті материалдар, асфальтбетон кесінділері бар. Тексерілген сынамалардың 33 пайызы нормативтік құжаттарға сай келмейтіндігі анықталған.