Жол сапасын тексеру көптеген олқылықтарды анықтады

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығындағы» автомобиль жолдары құрылысының сапасын бақылаудың бес сатылы жүйесіне біріктірілген. Биыл Абай облыстық филиалында осындай стандарттармен жұмыс істейтін су жаңа зерхана іске қосылды.

Қазір мамандар ол жерде жол салуға қолданылатын түрлі материалдардың сынамаларын тексеруден өткізіп, талапқа сай келетіндігін немесе жарамды не жарамсыз екендігін қысқа  мерзімде анықтай алады. Мұндай бақылау жол құрылысымен айналысатын компаниялардың жауапкершілігін арттыруға сеп болды. Өйткені жаңадан төселген жолда қандай да бір ақау анықталар болса дереу шара қолданылады. Жол құрылысының сапасын бақылау автожолдың құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкестігін, сондай-ақ пайдаланудың қауіпсіздігі мен сенімділігін қамтамасыз етеді.

Мәселен, Абай облысындағы «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» жұмысқа кіріскен 1,5 жылда  өңірде салынып немесе жөндеуден өтіп жатқан жолдардың 50 процентінде сәйкессіздік анықталған. Ал сол жұмысты талапқа сай атқармаған  мердігер ұйымдар, жіберілген кемшіліктерді қайта жоюға міндеттелді.

Жалпы Абай облысында аудандық, облыстық және республикалық маңызы бар 6 715 шақырым жол болса, оның екі мыңнан астам шақырымы республикалық маңызға ие. Бүгінгі күнге дейін оларға филиал тарапынан 458 тексеріс жүргізілген. Нәтижесінде 199 ақаулықтар мен кемшіліктер анықталған. Сараптама жасалған материалдарда 1000 нан астам  сәйкессіздік  анықталды.

2024 жылы мамандар халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар 895,4 шақырым жолды тексерістен өткізді. Анықталғандай олардың құрылысымен шұғылданған 4  компания талапқа сай жұмыс атқармағандығы белгілі болып, тиісті шаралар қолданылды.