Жол тазалығы — қатаң бақылауда

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында жолдарды қысқы мезгілде күтіп ұстау мәселелері талқыланды.

Жиында жол тазалығына қатысты баяндама жасаған жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр нормативке сәйкес, қысқы мезгілде жолдарды күтіп ұстауға бөлінетін қаржының аздығын сөз етті. Биыл бұл бағыттағы жұмыстарға  барлығы 298,5 миллион теңге қарастырылған. Сондай-ақ жолдардың уақытылы тазаланбауының бір себебі мердігер мекемелердің техникалары жеткіліксіз екенін атап өтті.

«Өңірде мердігерлер арнайы техникаларды жалға алады. Соның салдарынан жұмыс кезінде тиісті учаскелерде қар уақытылы тазаланбауы мүмкін. Біз бұл мәселені осыған дейін де көтердік. Сондықтан алдағы уақытта автомобиль жолдарының сапасын сақтап қалу үшін жолдарды күтіп ұстауға ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау туралы ұсыныс бар. Үш жылға келісімшарт жасалса,  мердігерлерге «Өнеркәсіпті дамыту қоры» бағдарламасы аясында арнайы техника сатып алу немесе техника паркін жаңарту бойынша келісімге келу ұсынылады», — деді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, биыл жүргізілген тексерістердің нәтижесінде бірқатар аудандағы ауылдар мен аудан орталықтары арасындағы кейбір учаскелерде қар басу, аса қауіпті учаскелерде мұзға қарсы материалдың құм-тұз қоспасы уақытылы төселмеу, грейдерлік жолдарды уақытылы тегістелмеу деректері анықталған.

Бұдан кейін жиында «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ филиалы директорының міндетін атқарушы

А.Мұқанбетқалиев баяндама жасады. Оның айтуынша, биылғы қыс айларында облыс аумағындағы республикалық маңыздағы автожолдарда барлығы

128 автокөлікке көмек көрсетілген. Қысқы мерзімге 21 700 тонна құм, 2700 тонна тұз дайындалған. Дайындалған жалпы мөлшері 24 000 тонна тайғаққа қарсы материалдың 14 831 тоннасы жұмсалған.

«Соңғы жылдары облыста қолайсыз ауа райы сақталып тұр. Осыны ескере отырып, биыл көктайғаққа қарсы материалдар қосымша 11 телімге дайындалды. Мәселен, былтырғы жылдың қараша-желтоқсан айларында ауа райы қолайсыз болып, жаңбыр аралас қар жауып, республикалық жолдарды үздіксіз қардан тазалау және тұз аралас құм қоспасын себу жұмыстары жүргізілді. Бүгінде облыс бойынша Қобда, Ақжар, Хромтау, Қарабұтақ және Қосестек ауылдарында тайғаққа қарсы қосымша материалдар дайындалуда», — деді ол.

Оның сөзінше, биыл облыс аумағындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 1720 шақырымын күтіп ұстауға 97 арнайы техника жұмылдырылған. Оның ішінде 21 арнайы техника қысқы күтіп ұстау жұмыстарына бөлінген. Бүгінде облысымызда бұл бағыттағы жұмыстарға 160 техника жетіспейді.

Отырыста облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ардана Саймағамбетов облыс аумағындағы автокөлік жолдарын күтіп ұстауда олқылықтар бар екендігін, әсіресе, төрт жолақты жолдар мен қала аумағындағы автокөлік тұрақтарының уақытылы әрі тиянақты тазаланбайтынын айтып, ішкі істер органдарына тұрғындар тарапынан арыз-шағым көп түсетінін жеткізді.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Асхат Шахаров жауапты мекеме басшылары мен аудан әкімдеріне жолдарды қардан, мұздан тазарту, жол қауіпсіздігі мәселелері бойынша жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырды.

«Қыс мезгілінде жолды қар мен мұздан тазартуда ешқандай мәселе болмауы керек. Барлық жұмыс уақытылы және сапалы атқарылуға тиіс. Біз былтыр болған олқылықтарды қайталамауымыз керек. Сондықтан жауапты мекеме басшылары мен аудан әкімдері бұл мәселені қатаң бақылауда ұстаңыздар, аталған мәселелерді шешуде бірлесіп жұмыс атқарыңыздар», — деп атап өтті облыс әкімі.