Жол жөндеу: сынамалар талапқа сай емес
Биыл республика бойынша жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуге 408 миллиард теңге бөлінген. Нәтижесінде 4 мың шақырымнан астам жол қалыпқа келтіріледі.
Алайда олардың 81 проценті ғана «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» тексеруінен өткен. Еліміз бойынша жөнделіп жатқан 500-ге жуық жолдың сапасын анықтау үшін мердігерлер қадағалаушы мекемемен келісім шарт жасамаған. Сол себепті республика бойынша Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің тапсырмасымен мұндай нысандар жаппай тексеріле бастады.
Абай облысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы мен қоғам белсенділерінен құралған мобильдік топ жаңадан салынған жергілікті маңызы бар жолдарды тексерген. Нәтижесінде қыруар қаржы жұмсалған нысандардың денінде құрылыс нормалары сақталмаған болып шықты. Әсіресе Үржар, Мақаншы мен Жарма аудандарында салынған жолдар сапасыз болып шыққан. Енді кеткен кемшілікті жоюға он күн уақыт беріледі. Орындалмаған жағдайда жауапсыз мердігерлер жауапкершілікке тартылмақ.
«Президенттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатына жәрдемдесу орталығы» басшысының орынбасары Ақнұр Қайратова салынған жолдарды жаппай тексеріп жатқандарын жеткізді.
«Барлық жолды біз бар, қоғам белсенділері, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы бар тексеріп жатырмыз. Бірақ өкінішке орай әкімдіктер тарапынан осы жұмыс дұрыс жасалмағандықтан, тиісінше мән берілмегендіктен осылай ақсап жатады. Ең аяғында сапасыз жол, зардабын шегетін тағы да халық болады», -деді ол.
«Жалпы біз аудандық маңызы бар 35 учаске тексердік. 20 сынама алынатын болса, соның 14-і біздің ҚР нормативтік құжаттары талаптарына сәйкес келмейді», — деді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Абай облыстық филиалының бөлім басшысы Мейіржан Бауыржанұлы.