Жұмағали аға — дара тұлға
Қызылорда облысы Қармақшы ауданына қарасты Майлыөзек елді мекені Карл Макс атауымен 1957 жылдан бері Ленин атындағы (қазіргі Тұрмағанбет) совхозға бөлімше болып келген.
1980 жылы наурыз айында Майлы өзек атауымен совхоз болып құрылды. Жаңа шаруашылыққа жаңа мамандар келіп көптеген отбасылар қоныс тепті. Соның бірі біздің отбасымыз еді. Бұл жаңалық болған кезде мен бала күтімімен демалыста отыр едім.
Шаруашылыққа Ленин совхозының көптен бас агрономы қызметінде жүрген білікті маман Жұмағали Қасымов директор болып сайланды.
Карл Маркс елді мекені негізінен Қарабазар руының мекені десек артық емес. Сол себепті болар ел-халықта қуаныш шексіз болды. Себебі Жұмағали ағамыздың ата тегі сол жердің тумасы.
«У ішсең руыңмен» деген сөз тұрпайы естілгенімен, оның өзіндік мағынасын осы тұста білдім. Ленин совхозынан бастап жан-жақтағы осы табаннан шыққан жігіттер, отбасылар келе бастады. 60 шақты ғана отбасымен отырған жер, күн сайын көбейіп, көркейді. Жедел құрылыс басталып үйлер салына бастап, көшелер бой түзеді. «Майлыөзек» Ш. Шегебаев, Ә. Егізбаев, О. Шорақұлы көшелері сол кездің жемісі.
Бір күні, 1981 жылдың мамыр айы болар, атам қуанып келді. «Майлыөзекке көшеміз, бәріне жұмыс беремін деп отыр, Жұмағалижанмен сөйлестім» — деп. Ұзамай қоныс аудардық.
Жолдасым МТМ-ға экспедитор, өзім кадр жөніндегі инспектор, атамыз құрылыс жұмысына орналастық. Алғашқы кезде келушілер көп, үй жетімсіз болды. Бір үйде 3 отбасы тұрдық. Не деген ауызбіршілік десейші.
Басшы болып келген Жұмағали ағамыз Қарабазар руының Айдабол аталығынан. Қызметте, жұмыста ру-руға бөлген жоқ, дегенмен Қарабазар руы сан-салалы аталық болғанмен бірлікпен тірлік істеп, тұрақтанып қалуларына өзіндік үлес қосты.
Шаруашылық болғандықтан, бірден дүрілдеп кетуі мүмкін емес қой, бірақ сол жылдары көптеген жұмыстар жүргізілді.
Сол тұста 500-ге ірі қара (ферма) өсіріліп, мал бордақыланып, сүт өндіру жолға қойылды. Жем-шөп бағытында болғандықтан 600га жоңышқа, 400га жүгері, 100га соя дақылы қосымша 500га күріш, 50га бақша егіліп, тұрғындар толық жұмыспен қамтылды.Жаңа техникалар келіп, құрылыс жүріп, елдің еңсесң көтеріліп, қызу еңбекпен айналысты. Көлеңкеленіп қалған жердің бәрі қайта жанданды. 8 жылдық мектеп 10 жылдық, 10-15 балабақша 25 орындық болып ашылды. ФАП болып құрылып, 4-5 штатпен жұмыс жасап халыққа қызмет көрсетті. Байланыс бөлімшесіне, тігін цехына жаңа орындар беріліп 3 салада сауда нүктелері жұмыс жасап, ауыл тұрғындары оның көмегін көрді.
Міне осындай ауқымды істің басында ел ағасы Жұмағали ағамыздың өзіндік үлесі мол. Бастапқы 2 жылда ауылдық совет болмағандықтан барлық мәселені шаруашылық басшысы шешіп отыратын. Ауылдағы клуб, кітапхана жұмыстарына да мән беріп,қажеттіліктерін шешуді өз ісіне айналдырып отыратын.
Ауыл шаруашылығы үнемі қарбалас болып, жатады, қазір далаға кетсе, артынша ауданға шақырып жатады.
Азанда барлық сала басшыларына, мамандарға тапсырма берсе, кешкісін қорытындысы жасалады.
Осындай тынымсыз тіршіліктің ортасында жүрсе де, Жұмакең аға ауыл тұрғындарының жағдайын жасауға, тұрмыс-тіршілгіне көңіл бөлуді өз ісінентыс қалдырмайтын.
Кеңсеге көңіл бөліп отырса болды, алды босамайтын. Біреу айқайлап, біреу бәлсініп, енді біреуі керағарланып жатады. Соның барлығының көңілін тауып, ойын орындап шығарып салып, өзі соңында жымиып шығып бара жататын еді.
Алды кең, жүзі жылы, ашуы жоқ, жайсаң кісі болатын.
Мінезінің жайлылығы шығар, біреуді ерегісіп жұмыстан шығарып, не істі еткенін көрмеппін. Ағайдың кеңдігінен бір мысал. Кеңседе жастар көп болдық, әсіресе әйелдер жағы. Кеңсе екі үйліктің бір жағы, үйлерімізде кеңсеге жақын. Сағат 10-нан кейін жұмыс бәсеңсиді, бастықтардың кетуін аңдимыз.
Бір күн шәй ішуді ұйымдастырып,біздің үйге кеттік. Іште Гәждекең, Шәкең (Гәжденбек, Шәки) ағалар қалды. Бір сағаттай айналдық. Келсек, ағаларымызда жоқ екен, олардың тіршіліктері бізден де қиын сол кезде. Есікке көзім түсіп кетті, есікке бұйрық жазып іліп қойыпты. Екі тармақпен, айыбымыз айтылып түгел фамилиямыз жазылған. Қасымов деген қол тұр. Жұмыстан босатылсын делінген.Әбден састық, ағалар келді, олар да (бізден кейін іле шыққан ау) ілініп кетіпті. Ал енді не істейміз? Бұл түске дейін еді, түстен кейінжиналыс болады деп ойлап бәрімізде ерте келдік. Директор жұмыс аяғына дейін келмеді. Ертеңіне ерте келіп күтіп отырмыз, бастық ертемен МТМ-ға барып тапсырма беріп, сосын келетінін білеміз, бәрімізде тіл жоқ.Келді ау 10ға таман. Мені шақырды, « Ох, бұйрықты тірке дейтін шығар деп» зорға кірдім. Жоқ, басқа тапсырма, бәрімізді бір-бірлеп шақырды, бірақ кешегі әңгіме емес, әрқайсымыздың түрімізді көріп, ой түйген шығар. Еш әңгіме болған жоқ, бұйрық тіркелген жоқ, Гаждекең ағам «түндегіні бүгін айтпа» дейтін еді. Солай болды, біз қабағынан, ісінен түсініп тәртіпке келдік.
Тағы бір көргенім, бухгалтериядан қатты дауыстар шығып жатыр екен, есікті ашсам Сақтапберген аға Гаждекеңмен айқайласып жатыр екен. Ашуынан қайтпай Сакең аға жата алды да сілтеді, шекеден қан бұрқ ете қалды. Гаждекеңде шамалы пәт бары белгілі болып тұр. «Жүр директорға барамыз» деп, Жұмекеңе кіріп кетті, артынша Сәкең не айтқанын қайдам директорға, екеуі қосыла шықты. Гаждекең қарамай сыртқы есікке қарай беттеп барады. Жұмекең аға ыржиып «капитан тоқта, капитан тоқта» дейді. Гаждекең қаттырақ кетсе, «мен капитан Сүйінбаев» дейтін. Біз өлгенше күлдік.
Осындай талай жайттар болып жатады. Соның бәрі айқай шусыз шешіліп жататын. Жиналысты да көп жасамайтын. Мен басшымын деп көкірек ұрмайтын. Өзінің мамандарымен бірге күлкісін күліп, шәйін ішіп, картасын ойнап жүре беретін.
Сол кезде ауыл береке екен, жиналу, шақыру көп. Келуші де кетуші де баршылық. Біреуін келді деп, енді біреуін кетіп жатыр деп құрметтейміз. Әрқайсымыз дастархан жаямыз. Кеңседегі қызметкерлер үлкен кішіміз бірге жүреміз. Соның барлығы басшының қалыптастырып отырған бірлігі екен. «Азаматына қарап ауылын таны» деген сөз де осындай жақсы жандардың ісіне қарай айтылған екен деп бағамдадым.
Жұмекең басқарған жылдары ауыл жаман болған жоқ. Еңсесін көтерді, кеңіді, өркен жайды. Майлыөзек деген атауын мықтап бекітті.
Жұмекең аға соңғы уақыттарды денсаулығы сыр беріп, ауыл шаруашылық жұмыстары қиындық келтіргеннен кейін, жұмыс бабымен Ленин совхозына ауысты. Өзінің ата-бабасының қаны тамған ауылы мақтанышпен, құрметпен шығарып салды.
Ағамыз өмірден ертерек кетті, әйтпесе ұрпақтарына берер мұрасы көп еді. Біздей жұмыстас, қызметтес болған ізбасарлары ағамызды мақтан тұтамыз, үнемі еске алып отырамыз. Биыл Жұмағали ағамыздың өмірден озғанына 30 жыл болады екен. Ұрпақтары жақында ғана Қызылорда облыстық кітапханасына Жұмекеңнің жеке кітапханасынан 200-дің үстінде кітап тапсырды. Бұл да ұлағатты адамның өнегеі ұрпағына тән шаруа.
Жатқан жеріңіз жайлы болсын. Жаныңыз жәннатта шалқысын демекпін.
Алла ұрпақтарына ұзақ ғұмыр, үнемі жақсылықтар сыйласын. Ұрпақтардың ұйытқысы болып отырған ағамыздың қосағы Раунақ апамызға күш-қуат берсін. Ұрпақтары өсіп-өніп, мың жасасын!
Жұмекеңнің қол қойған қолымда бар құжаттарынан балаларына естелікке тапсырдым.
Ағайша Нұрғалиқызы