Жұмыста киберқауіпсіздік әдебі жоқ
«Kaspersky»* сауалнамасына сәйкес, қызметкерлердің 41% — ы өздерінің корпоративтік тіркелгі деректерін әріптестеріне берген болатын. Бұл ретте, респонденттердің 37%-ы осыдан кейін құпия сөздерін өзгерткен жоқ. Сондай-ақ, зерттеу аясында қатысушылардың 17% — ы алдыңғы жұмыс орнындағы құжаттарға немесе шоттарға қол жеткізе алғаны анықталды.
Компаниялардағы ақпараттық қауіпсіздік ережелеріне келетін болсақ, сауалнамаға қатысқандардың 62% — ы жұмысқа қабылдау кезінде тиісті құжаттарға қол қойды, 22% — ы ешқандай құжатқа қол қоймады, ал 15%-ының іс-әрекеті есінде жоқ.
Бұл ретте компаниялардың жартысына жуығы (49%) қызметкерлерді киберқауіпсіздік дағдыларына үйретпейді. Кез-келген қызметтік тапсырмаларды орындамас бұрын компаниялардың тек 22% -да ғана тренингтер, семинарлар немесе брифингтер тұрақты өткізіледі. Ал 29%-ы оларды сирек өткізеді.
«Киберқауіпсіздік процесінде адами фактор маңызды рөл атқарады. Компаниялардағы оқиғалардың басым бөлігі қызметкерлердің дұрыс емес — көбінесе бейсаналық әрекеттеріне байланысты болады. Сондықтан киберқорғаныстың жетілген стратегиясы әрқашан егжей-тегжейлі қауіпсіздік саясатын және команданың барлық мүшелері үшін кибергигиена негіздерін үйретуді қамтуы керек. Практикалық тренингтер де пайдалы ― олар қызметкерлерге кез келген киберқауіптерге дайын болу және оларды уақытында тану үшін тәжірибеде білімдерін шыңдауға және ақыл ― ойды дамытуға көмектеседі», — деп түсіндірді «Kaspersky»-дің Қазақстан, Орталық Азия және Моңғолиядағы басқарушы директоры Валерий Зубанов.
* Зерттеу барысында әртүрлі салалардағы компаниялардың (250 қызметкерге дейін) респонденттеріне сауалнама жүргізілді: өндіріс және ауыр өнеркәсіп, қаржылық қызметтер, мемлекеттік ұйымдар, денсаулық сақтау, қонақжайлылық, IT және телеком, көтерме және бөлшек сауда, энергетика, көлік және логистика. Сауалнамаға барлығы 600 респондент қатысты.