Жыл көрсеткіші – Сауда саласында 4182 өнімсіз делдал анықталды

Жыл басынан азық-түлік тауарларының барлық тізбегіне баға белгілеу бойынша делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі өңірлік комиссияның 1411 отырысы өтті. Өңірлік комиссиялар 4182 өнімсіз делдал және сауда үстемесін асыру фактілерін анықтады.

Өңірлік комиссия отырыстарының нәтижесінде сауда субъектілеріне 3717 әкімшілік хаттама толтырылып, 465 өнімсіз делдал баға тізбегінен алынып тасталды.

Шымкент қаласындағы өңірлік комиссия мүшелері соңғы аптада ӘМАТ бағасына мониторинг жүргізу барысында  17 сауда субъектісі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін 15 %-дан асырғанын анықтады. Алгоритмге сәйкес комиссия мүшелері Ұлттық статистика бюросы ұсынған деректер бойынша тауар бағасының өзгерісін көріп, электронды шот фактураларға талдау жасайды. Өңірлік сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменттері комиссия мүшелерімен бірлесіп алынған деректердегі  сауда үстемесінің 15%-дан асу фактісін талдайды. Артынша әкімшілік шара қолданады.

Айта кету керек 2021 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңірлердегі делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі өңірлік комиссиялар құрылды. Өңірлік комиссиялардың мақсаты —  өнімсіз делдалдарды анықтау және баға тізбегінен алып тастау, ӘМАТ тауарларын сату кезінде сауда үстемесінің мөлшерін бақылау.