Жыл сайын алкогольдің кесірінен 3 миллионнан астам адам қайтыс болады
Тұрақты даму мақсаттарының 3-мақсаты «Жақсы денсаулық және әл-ауқат» екені баршаға мәлім.Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша жыл сайын алкогольдің кесірінен 3 миллионнан астам адам қайтыс болады екен. Олардың 75 пайызы – ер адамдар.Статистика бойынша елімізде орта есеппен әрбір жетінші қылмыскер мас күйінде қылмыс жасайды. Маскүнемдіктен болған өлімнің төрттен бір бөлігі жазатайым оқиғалардан, жанжалдан және өз-өзіне қол жұмсауға байланысты жарақаттан, ал төрттен бірі – асқазан-ішек жолдарының аурулары, 19% – жүрек аурулары, қалғаны – жұқпалы аурулар, обыр және психикалық ауытқулардан туындайды деп мамандар дабыл қағуда. БҰҰ мәліметтері бойынша алкогольден болатын өлім-жітім деңгейі жоғары елдердің арасында Қазақстан 10-орында тұр. Алкогольді сусынның көлемі қандай болса да, денсаулыққа зиян. Бұл туралы зерттеу The Lancet медициналық журналында жарық көрді. Вашингтон университеті ғалымдарының айтуынша, әлемдегі әр үш адамның бірі спиртті сусын қолданады. Алкоголь тұтыну болашақ ұрпақтың денсаулығы үшін де өте зиян.
Қазіргі таңда әлемнің көптеген елінде салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін мемлекет арнайы бағдарламаларды жүзеге асырады. Кейбір елдерде алкогольді ішімдік ішуге, сатуға мүлде тыйым салынған. Сонымен қатар, түрлі шектеу түрлері де бар. Мәселен, ішімдік сататын дүкендердің мектепке жақын болмауы, алкогольді ішімдік сататын күндер мен сағаттарды шектеу, ірі спорттық жарыстар болатын күні алкоголь сатпау. Мұндай шектеулерге қоса ел ішінде ішімдікке қарсы күрес үлгілері де бар. Жалпы, адамды маскүнемдіктен арылтудың 12 қадамы бар. Реабилитация орталығында науқас осы 12 қадамнан өтіп, ем алады. Бір ерекшелігі – мұндай орталықта дәрігерлер мен психологтер ғана емес, кезінде өзі маскүнем болған қарапайым адамдар да қызмет етеді. Осындай шаралардан кейін де айыққандар бар. «Арақтың адам денесінде зиянды әсер етпейтін мүшесі жоқ, ол барлық ағзадағы нүктелерге дейін улы әсерін тигізеді» Статистика агенттігінің дерегіне сүйенсек, Алматы қаласында әр 100 мың әйелдің 211-ден астамы, ер адамдардың 2 330-ы арақ-шараптың кесірінен психикасы мен мінез-құлқы бұзылған. Астанада бұл көрсеткіш 90 және 476-ны құрайды. Салауатты өмір салтын қалыптастыру ұлттық орталығының деректері бойынша, психикалық және тәртіптік ауытқулары бар 249 мың адам есепте тұр. Олардың әрбір 12-сі – 25-30 жастағылар, отбасын құрып, еңбекке араласып, қоғамның белсенді мүшелері болатын әйелдер. Ұлттық орталық қызметкерлері бұл мәліметтің толық емес екенін мойындайды. Есепке алынбаған араққа әуестердің қатары одан да көп. Статистикалық дерекке сүйенсек, республика тұрғындарының 35 пайызы ішімдікке үйір екен. Өкінішке қарай, осы дерекке мектеп жасындағы балалар да іліккен.Жоғарыда аталып өткен мәліметтерді ескере отырып,шәкірттеріміз зиянды дүниеден ада болады деген сенімдемін.
Абайдельдинов Т.М
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасының оқытушысы,з.ғ.к
Мейрханов Д.А
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасының магистранты