Жыл сайын шамамен 1 500 — 2 000 Астана тұрғыны қазақ тілін тегін үйренеді
Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы өңірдің мәдени мұрасы мен тілін сақтаумен, насихаттаумен айналысатын негізгі мекеме болып табылады. Басқарудың негізгі міндеті – тарихи мұрағаттарды сақтау және зерделеу, көптілділікті дамыту және ұлттық тілдерді қолдау.
Жыл сайын шамамен 1 500 — 2 000 қала тұрғыны қазақ тілін тегін үйренеді. Оның 40%-ы өзге этнос өкілдері. Бұл қоғамдағы көптілділіктің артып келе жатқанының көрсеткіші. Сондай-ақ, 110 мемлекеттік қызметші ағылшын тілін оқу курсына белсенді қатысады. Деректер халықаралық қарым-қатынас пен коммуникациялық дағдыларды дамытудың маңыздылығын көрсетеді.
Түрлі этникалық топтардың өзара түсіністігін жақсарту мақсатында жұмыс істейтін қалада қазақ және ағылшын тілдерінде сөйлесу клубтары бар. Оқуға көбінесе өзге этнос өкілдері шақырылады.
Сонымен қатар кәсіпкерлерге арналған интенсив қазақша курстар оқытылады. Курс оқу бизнесті тиімді жүргізуге және клиенттермен ана тілінде сөйлесуге көмектеседі. Басқарма бастамасымен әр түрлі сала мамандарына қажетті аударма сөздіктер дайындалып шыққан. Мұндай сөздіктер сала мамандары арасындағы байланысты жеңілдетеді және түрлі қызмет саласында кәсібилікті арттыруға көмектеседі.
Білім басқармасымен жүйелі жұмыстың арқасында қалалық мектептердің қазақ сыныптарындағы оқушылар санын 65 пайызға дейін арттыруға қол жеткізген.
«Біздің басқарма қаладағы 180 ақын-жазушы мен белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерімен тұрақты байланыс орнатылған. Жыл сайын қаламгерлерге арнап қала әкімінің гранттары берілуде. Екі жыл бұрын 30 мың тиражбен проза және поэзия жанрындағы шығармалар жарық көріп, республика кітапханаларына таратылды. Осылайша, қалың оқырманға жергілікті авторларды тануға мүмкіндік берді» , — деп атап өтті «Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы» ММ басшысы Сәкен Есіркеп.
Бүгінгі таңда Астана қаласында ономастика бойынша – 1173 көше, даңғылдарға ат берілген. Оның ішінде 18 – даңғыл, 1 151 – көше, 4 – тас жол бар. Оның 90 пайыздан астамы тарихи жер-су атаулары мен ұлы тұлғалардың аттары.
Сондай-ақ, елордада 60-тан астам білім беру мекемесіне белгілі ұлт қайраткерлерінің есімдері берілген. Оның 40 жуығы соңғы 3 жылда берілді.
Астана ономастика жұмысы бойынша еліміз бойынша ең белсенді қала болып саналады. Бұған Тәттімбет, Мұхаметжан Тынышбаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Қорқыт, Күлтегін, Нәзір Төреқұлов, Мәншүк Мәметова көшелерін мысал ретінде айтуға болады. Болашақта Міржақып Дулатұлы, Құрманғазы т.б. бірнеше көшені де өзгерту жоспарда бар.