
Жетісу комьюнити орталығының ұйымдастыруымен Жетісу ауданында нашақорлықтың алдын алу және жастарды салауатты өмір салтына ынталандыру мақсатында «Есірткіге жол жоқ» атты кең көлемді акция өткізілді.
Бұл шараға Жетісу ауданы әкімдігі, прокуратурасы, комьюнити орталығының қызметкерлері, Алматы қаласының Полиция департаментінің есірткіге қарсы күрес басқармасы, жергілікті полиция, сондай-ақ еріктілер мен жастар ұйымдарының өкілдері белсенді түрде қатысты.
Акция барысында қатысушылар аудан аумағындағы көшелер, аулалар, ғимарат қабырғалары мен қоршауларды аралап, есірткі жарнамалары мен заңсыз граффити, стикерлерді анықтап, оларды жою жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар тұрғындарға есірткіге қарсы ақпараттық материалдар таратып, зиянды әдеттерден аулақ болу қажеттігі туралы түсіндірулер жүргізілді.
Құқық қорғау органдары мен еріктілердің бірлескен еңбегі нәтижесінде көптеген заңсыз жарнамалар жойылып, қоғамдық орындардың тазалығы мен қауіпсіздігі артты.
Осындай есірткіге қарсы шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде өткізіліп, аудан аумағында кешенді түрде жалғасын табатын болады. Бұл бағытта мемлекеттік мекемелер мен жастар ұйымдарының ынтымақтастығы күшейіп, салауатты қоғам құруға бағытталған бірлескен бастамалар жүзеге асырылады.